Өткенде «Атырау» газетінен облыс әкімі Серік Шапкеновтың «Тәрбие-отбасынан басталады» деген мақаласын оқып, үлкен ойға қалдым. Осы мақаласынан облыс басшысының бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп отырғанына риза болдым.
Шынында да, қазіргі кезде мектеп оқушылары арасында құқық бұзушылық пен тәртіпсіздіктер белең алып бара жатыр. Қателік кімнен кетуде? Ата -анадан ба, мектептен бе, әлде қоғамнан ба? Мүмкін осы үш тараптың жауапкершілікті тең арқалай алмауынан болар. Бүгін осы тақырыпқа өзімше үңіліп көрмек болдым. Ұлт мұраттарының ұлы байлықтарының бірі – жас ұрпақ, келелі келешек десек, ұлтымыздың мақтанышы батыр атамыз Бауыржан Момышұлы «Тәрбиелі - тәртіптің құлы, тәртіпті -елдің ұлы» десе, ақын Олжас Сүлейменов «Адам тағдырын тәрбие шешеді» деп жазды. Бәрі де шындық. Тәрбие кешіктірілсе кешірілмейтін, дұрыс бағыт алмаса, қалпына келмейтін нәзік те, кәделі де сауатты, игілікті де ізгілікті іс. Адам ұрпағымен ұлы, еңбегімен ерен, келешегімен кемел болса, мұның мөлдір бастауы, алтын тамыры – тәлім – тәрбие ісінде жатыр.Күншығыс халқының бір ойшылы былай деген екен: «Бір жылын ойлаған күріш егеді, он жылын ойлаған ағаш егеді, ал жүз жылын ойлаған бала тәрбиелейді». Балаға баланың көзімен қарап, өз заманына сай тәрбие беру – біздің басты мақсатымыз. Ата-ананың тілегі – адам болып өскенің, Адамдықтың тірегі- адал болып өскенің.Әдептілік дегенің- әрқашанда керегің, Әсемпаздық дегенің – әуре сарсаң әлегің. Ия, тәртіпті, тәрбиелі болу – бәрімізге ортақ қағида.
Жаңа жоғарыда айтқанымыздай, тәртіп мәселесі өткір таұырып. Үнемі қадағалап отырмаса, кез келген уақытта тәртіпсіздіктер орын алуы мүмкін. Оған қоғам, ата-ана, мектеп жауапты. Өйткені, мектепте тәрбиеленіп жатқан оқушы біздің баламыз. Сондықтан оған немқұрайды қарауға болмайды. Әсіресе, облыс басшысы айтқандай, тәрбие-отбасынан басталады. Расында да қазіргі кезде ата-аналар бала тәрбиесін назардан тыс қалдырғаны өтірік емес. Соның нәтижесінде мектеп оқушылары арасында осындай келеңсіздіктерге жол берілуде. Оған мұғалімді кінәлауға болмайды. Өйткені тәрбие бәрімізге ортақ мәселе. Оны мен өзімнің білім саласындағы ұзақ жылғы тәжірибемнен білемін.
Әлия ФАЗЫЛОВА,
ардагер ұстаз