Тұрақты өмірдің кілті

 

Бүгінгі заманда адам табысының көлемі емес, оны дұрыс басқару қабілеті маңыздырақ бола түсті. Ақшаны ұтымды пайдалану, жоспарлы өмір сүру, болашаққа инвестиция салу – тұрақтылық пен сенімділіктің басты шарты. Сол себепті қаржылық сауаттылық – қазіргі қоғам үшін аса өзекті өмірлік дағдылардың бірі Атырау облысы бойынша «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ұйымдастырған қаржылық сауаттылық курсы осы бағыттағы маңызды бастама болды.

 Курстың мақсаты – облыстың әр өңірінен келген педагогтерге қаржыны басқарудың заманауи тәсілдерін үйретіп, олардың жеке және кәсіби өмірінде тиімді шешім қабылдау дағдыларын дамыту. Курс барысында дәрістерді Ұлттық банк қызметкерлері мен тәжірибелі маман, курс жетекшісі Гүлзахира Сапарғалиқызы жүргізді. Қатысушы ұстаздар қаржы әлемінің негізгі ұғымдарымен танысып қана қоймай, нақты мысалдар арқылы өмірлік жағдайларды талдады.

Курс барысында қатысушылар жеке және отбасылық бюджет құру, табыс пен шығынды талдау, қарызды дұрыс пайдалану, жинақ пен инвестиция жасау, зейнетақы мен сақтандыру жүйесінің маңызын түсіну сияқты бағыттар бойынша білім алды. Тыңдаушыларға қаржы саласындағы нақты мысалдар мен есептеулер ұсынылып, әркім өз табысын тиімді жоспарлаудың жеке стратегиясын қалыптастырды. Сондай-ақ, алаяқтық пен қаржылық тәуекелдердің алдын алу, жалған инвестициялық жобалардан сақтану жолдары да егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Қаржылық сауатты азамат  тек өз отбасына емес, тұтас қоғамға пайда әкеледі. Себебі жеке деңгейде жинақ пен тұрақтылық болған сайын, ел экономикасы да сенімді дамиды. Экономистердің пікірінше, қарапайым тұрмыстағы қаржылық мәдениет – елдегі инфляцияға, тұтынушылық әдетке және нарықтағы тепе-теңдікке тікелей әсер ететін фактор. Қаржылық сауаттылық – тек ақшаны үнемдеу емес, құндылықты түсіну мәдениеті. Ол адамның еңбекке көзқарасын, тұтыну дағдысын, болашаққа деген сенімін қалыптастырады. Мәселен, табысын мақсатты түрде жоспарлайтын адам несиеге тәуелді болмайды, ал артық қаражатын тиімді инвестициялауды білетін азамат – ертеңгі тұрақтылықтың негізін қалайды.

Қаржылық білім беру бүгінде әлемдік трендке айналды. Қазақстан да бұл бағытта жүйелі қадам жасап келеді. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі мектеп пен жоғары оқу орындарында қаржылық сауаттылық негіздерін енгізу бойынша бағдарламалар әзірлеуде. Мұның барлығы азаматтардың қаржы саласындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Атырауда өткен курс соның айқын дәлелі. Қатысушылар алған білімін өз отбасына ғана емес, қызметтегі әріптестеріне де таратып, өз ортасында қаржылық мәдениетті насихаттауға ниетті.

Қаржылық сауаттылық – адамның әл-ауқатын арттырудың және елдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудің басты тетігі. Әр азамат өз қаражатын тиімді басқара білсе, отбасында тұрақтылық, қоғамда сенім, мемлекетте даму болады. Сондықтан мұндай оқу курстарының маңызы тек жеке тұлғаның өмірінде емес, тұтас қоғамның мәдениетінде жатыр. Қаржылық сауаттылық – тұрақты өмірдің кілті, ал білім – сол кілтті аша алатын ең сенімді құрал.

 

Арайлым ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Абай атындағы орта мектептің құқық негіздері пәнінің мұғалімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT