Бүгінде «білекті бірді, білімді мыңды жығар» деген мақалдың әділдік құрған кезі. Біліммен ғана алпауыт күшке ие болуға болатыны сәт сайын дәлелденуде. Болашақ жастардың қолында десек, жастардың білімге бай болғаны абзал. Осы мақсатта елімізде түрлі ой-өрісті дамытар ойын түрлері қарқынды дамуда. Соңғы уақытта жастардың арасында «трендке» айналған «QUIZ» ойынын сіз де естіген боларсыз?!
Бұл ойынның негізгі мақсаты - жастардың ой-өрісін дамыту, білімін жетілдіріп, бос уақытын тиімді өткізуге жәрдемдесу. Сонымен қатар, бұл зияткерлік ойын адамның көкірек көзін ашып ғана қоймай, жаңа орта, жаңа дос табуға көмектеседі. Осыған орай ауданымызда 30 қаңтар күні Қамысқала ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Қазақша QUIZ» интеллектуалды ойыны өткізілді. Бұл ойынға Новобогат орта мектебі мен Ғ. Мәсәлімов атындағы орта мектебінің ұстаздары қатысты. Тартысты өткен доданың сұрақтары қызықты әрі таңғалдырар күтпеген жауаптарға толы болды. Түрлі логикалық сұрақтар, оған қоса, әншілердің әнін табу, ақын-жазушылардың шығармаларын, есімдерін сәйкестендіру, бейне сұрақтарға жауап беру арқылы қатысушылар бақ сынады. Ойынға аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Есқалиев, аудандық мәслихат аппаратының бас маманы Дидар Жеткінов, Қамысқала ауылдық округінің әкімі аппаратының бас маманы Әдемі Қасымова қазылық етті. Қатысушылардың сұрақтарға жауап берулері бойынша нәтижелері сарапталып, оң бағасы берілді. Нәтижесінде Новобогат орта мектебінің ұстаздары 2 орынға ие болса, Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектебінің ұстаздары 1 орын алды. Ойын қорытындысында орын алған командаларға марапаттар мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Жұлдыз СЕМБИЕВА