Тұрғын үй кезегіне де тәртіптілік керек

 

Халықтың өмір сапасын жақсартудың басты шарты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету десек, Қазақстанда соңғы жылдары тұрғын үй саласына көп көңіл бөлініп келеді. Алайда тұрғын үй кезегіне тұру мен жекешелендіру процестерінде туындайтын сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бұл саланың ашықтығына көлеңке түсіреді. Сондықтан тұрғын үйге қатысты барлық мәселеде адалдық пен заң үстемдігі басты талап болуы тиіс.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұл бағыттағы тәуекелдерді азайту үшін цифрландыру мен бақылау тетіктерін күшейтіп келеді. Биылғы 24 мамырдан  бастап  «orken.otbasybank.kz» порталы арқылы тұрғын үй кезегін бақылау және құжат тапсыру жеңілдетілді. Бұл қадамдар адам факторын азайту арқылы әділеттілікке жол ашып отыр.

Алдымен өтініш беруші кезекке қою үшін тиісті елді мекенде тұруы, ал республикалық маңызы бар қалаларда, астанада кемінде үш жыл тұруы шарт. Коммуналдық тұрғын үй қорынан берілетін немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алатын баспаналар келесі санаттарға жататын Қазақстан Республикасының баспанаға мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтарына беріледі:

 - Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына;

- жетім балаларға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға;

 - «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған көп балалы аналарға, сондай-ақ, І және ІІ деңгейдегі «Ана даңқы» орденімен марапатталғандарға, көп балалы отбасыларға. Аталған санаттағы азаматтардың орташа айлық жиынтық кірісі баспана беру туралы өтінім жасар алдындағы он екі айда отбасының әрбір мүшесіне шаққанда республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 реттік мөлшерінен аз болуы тиіс;

 - орташа айлық жиынтық кірісі баспана беру туралы өтінім жасар алдындағы он екі айда отбасының әрбір мүшесіне шаққанда республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 реттік мөлшерінен аз әлеуметтік әлсіз топтарға (1 және 2-топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары, кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратындар, жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер, оралмандар, толық емес отбасылар және тағы басқа). Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 реттік мөлшері коэффициенті жетім балаларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға және мүгедек балаларға қаралмайды;

 - мемлекеттік қызметшілерге, бюджеттік ұйымдардың жұмыскерлеріне, әскери қызметшілерге, ғарышкерлікке үміткерлерге, ғарышкерлерге және мемлекеттік сайланбалы қызметті атқарып жүрген тұлғаларға;

- жалғыз баспанасы ҚР заңнамасында бекітілген тәртіппен апатты деп танылған азаматтарға.

Қазіргі таңда тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың тұрғын үй кезегіне тіркелуі «orken.otbasybank.kz» орталық-тандырылған ақпараттық жүйе арқылы жүргізіледі. Яғни тұрғындар ЭЦҚ арқылы әлеуметік желіге қосылған компьютер арқылы өздері өтініш береді.

Жүйе кезектегілердің есебін ашық жүргізуге, есепке қоюды және алуды, баспананы түгендеуді және бөлуді оңтайландыруға және автоматтандыруға, азаматтар өткізетін құжаттар санын және баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке қою мерзімін қысқартуға, сыбайлас жемқорлық көріністерін азайтуға мүмкіндік береді.

Тұрғындардан түскен өтініш «orken.otbasybank.kz» жүйесінде он бес күн ішінде қаралып, электронды хабарлама түрінде мақұлданғандығы немесе мақұлданбағандығы жөнінде хабарлама жіберіледі.

Тұрғын үйді жекешелендіру «E-qazyna.kz»  порталына өтініш беріп, 30 күн ішінде қаралып, комиссия шешімімен тұрғын үйді жекешелендіреді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тұрғын үй саласындағы заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою мақсатында:

* Қоғамдық қабылдау мен шағым беру желілерін күшейтті;

* Тұрғын үй кезегі мен жекешелендіру процесін цифрландыруды қолдап отыр.

Қорыта айтқанда, әділеттілік пен ашықтық тұрғын үй саясатының басты қағидаттары болуы тиіс. Әрбір азаматтың баспанаға қол жеткізу құқығы заңмен қорғалған. Бұл бағытта сыбайлас жемқорлыққа ешқандай кешірім болмауы қажет. Егер қоғам мен мемлекет бірлесе әрекет етсе, тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесінде сенім мен әділет салтанат құрады.

 

Ерболат МАХАШОВ,

аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және  тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT