Бүгінде елімізде табиғатты қорғау, экологиялық ахуалды жақсарту – күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл бағытта кешенді шаралар қолға алынып, түрлі деңгейдегі бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – еліміз бойынша бастау алған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық жобасы. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тұрақты түрде нақты жұмыстар қолға алынды.
Тек тазалықпен шектелмей, округтегі әлеуметтік инфрақұрылым мәселесі де назардан тыс қалмаған. Ауыл орталығында орналасқан 4 көп пәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, тиісті сараптамадан сәтті өткен. Қазіргі уақытта мердігер мекемені анықтау жұмыстары жүріп жатыр.
– Бұл тұрғын үйлер осыдан бірнеше жыл бұрын салынған. Көптен бері жөндеу көрмегендіктен, тұрғындардың сұранысына орай жобалық жұмыстарын бастадық. Биылғы жылы жөндеу жұмыстары бас-талып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалатын болады, – дейді Ерболат Махашов.
Томан елді мекенінің ішінде ұзақ жылдар бойы қараусыз қалған, иесіз, ешбір құжаты жоқ, эстетикалық және экологиялық тұрғыдан келеңсіз көрініс тудырған гараждарды бұзу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы шеңберінде ұйымдастырылып отыр.
– Ауылымыздың келбетін бұзып тұрған иесіз гараждар көптен бері тұрғындар тарапынан сынға ұшырап келген болатын. Енді міне, арнайы комиссия шешімімен олар бұзылып, аумақтар тазартылуда. Бұл бір жағынан ауылдың санитарлық жағдайын жақсартса, екіншіден, тұрғындар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға септігін тигізеді, – дейді ауыл әкімі.
Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ