Қамысқала ауылдық округінің тұрғыны, ІІ-топ мүгедегі Мұрат Азенов редакциямызға хат жолдаған болатын. Хатта биыл 31-наурызда өзі тұратын көшеге асфальт жол түсуіне орай, аула-қорасының жол төсеуге кедергі әрі көше сәнін алып тұрғанына байланысты әкімшілік бұзып тастағанынын жеткізді.
Яғни М.Азенов содан бері ауласының әлі қалыпқа келмегенін жеткізіп, қайта қалпына келтіріп, шарбақ тұрғызып беруіне әкімшілік тарапынан уәде етілгенін тілге тиек қылған. Алайда хат авторы шарбақтың орны ашық күйінде қалғанын айтып, кезінде берілген уәденің орындалуына ықпал етуді сұраған. Оқырман хатына орай істің мән-жайын білу мақсатында Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Әнуарбекқызына хабарласып, хат мәтінімен таныстырған болатынбыз. Төменде округ әкімі тарапынан берілген жауап қаз-қалпында жарияланып отыр.
- Ауыл тұрғыны Мұрат Азеновтың «Нарын таңы» газетіне жазған хатына жауап берер болсам, биылғы жылдың 2 сәуірі күні округ бойынша көктемгі санитарлық-тазалық айлығы кезінде ауылдағы Қ.Хисин көшесі, 8/7-де орналасқан Азенов Мұраттың үйінің айналасы апатты жағдайдағы ішіне тұратын малы жоқ қора-қопсымен көшенің қас бетінің келбетін кетіріп тұруына және сол көшенің тұрғындарының бірнеше рет бізге жасаған ауызша шағымдарына байланысты үй иесіне ескерте отырып, өз күшімізбен ақылы қоғамның жұмысшыларын әкеліп, техника жалдап, бұздырттық. Негізі әр тұрғын үй-жайының айналасын өз жауапкершілігімен күтіп ұстауы, көшенің тазалығына нұқсан келтірмеуге заңмен жүктелген (ҚР ӘҚБК-нің 505-б). Алайда М.Азеновтердің (есепте бала кезінен ауру Талғат деген інісі екеуі тұрады) ондай іс-әрекетке денсаулықтары жарамайтындығын қаперге ала отырып, үй иесі үшін өзім де қолыммен тазаладым. Екі күн бойы күреп, жинадық. Кейіннен ораза айы кезінде ауылдың Айдар Қадыров деген азаматы өз демеушілігімен үйдің іші-сыртын әктетіп, төсек-орындарын, төсеніштерін ауыстырып берді. Біздер ауылдық дәрігерлік амбулаториядан күрделі жөндеу кезінде ауыстырылған ескі темір шарбақтардан айналасын қоршауға дайындап қойдық. Алайда ол жұмыстар дәнекерлеу арқылы жасалатындықтан жеке дәнекерлеушіні дәл қазіргі кезде таба алмай отырмыз және оған жалдау ақшасын да өзіміз төлеуге тура келеді. Мен бұл үйдің адамдарын ерте уақыттан бері өз бақылауымда ұстап, қолымнан келген көмегімді аямай жасап келемін және де солай бола береді. Мұрат ағаны көшеден көріп қалсам да жағдайларын сұрап тұрамын. Жаз бойы денсаулығыма байланысты әлсін-әлі емделуге кетіп, елде болмай қалып жүргенімді, бірақ та міндетті түрде қоршау салғызып беретінімді айтып жүрмін. Менің тарапымнан ол кісі болсын, басқа да ауыл тұрғындары үшін жеке алған уәдемді бұзған уақытым болған емес. Ондай жауапсыздыққа ешқашан жол бермеймін. Қазіргі уақытта материал дайын, дәнекерлеуші табылған кезде қолайлы ауа-райына байланысты қоршау жұмыстары жүгізілетін болады,- деді Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тәжиденова.
Жайна МӘЛІМҚОЖА