ТҮРЛІ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІ ТЕР ТӨККЕН ТОПЫРАҚ

сурет ғаламтордан

 

Туған ауданымыздың тарихына тереңдей үңілгенде аңдайтын бір жайт – өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының соңында бұл өңірде де сан ұлттың өкілдері мекен етіп, жергілікті халықпен қоян-қолтық тірлік қылғаны. Соның ішінде 1928 жылдың наурызында облыста жаңадан құрылған жеті ауданның бірі Новобогат ауданында Қарабатыр және Сарытөбе елді мекендерінде жұмыс жасап тұрған екі медпункттен бастау алған денсаулық сақтау саласында да түрлі ұлт өкілдері тер төккен екен.

Әрине, айтып отырғанымыз – арғы тарих, беріде аудан 1977 жылғы ақпанның 16-сында үшінші мәрте қайта құрылғанда ауданның денсаулық сақтау жүйесі сол кездегі Чапаев селосында орналасқан 35 төсектік учаскелік аурухана ғимаратына орын тепкен алғашында – 50, кейіннен 80 кереуеттік аудандық орталық аурухана негізінде бастау алды. Құрамына Новобогат, Забурын, Зеленый учаскелік ауруханаларымен бірге Чапаев, Таңдай, соңынан жаңадан ашылған Ақтоғай дәрігерлік амбулаториялары және 27 фельдшерлік пункт кірді. Көнекөздерден жеткен әңгімелерде осы Нарын құмында оқтын-оқтын пайда болған оба сияқты жұқпалы аурулар ошағын жою мақсатында патша үкіметі орталық Ресейден азаматтық немесе әскери мамандар жіберіп, халыққа дәрігерлік көмек көрсеткені айтылады. Сол уақыттардан бастап бұл өңірдегі денсаулық қызметінде сан ұлттың өкілдері еңбек еткендігі, дәрігерлік қамтуға еңбек сіңірген жергілікті тұлғалар шыққандығы да тарихтан белгілі.

Сан ұлттың өкілі ізгілікті іс қылған саладағы ынтымағы ырыс, бірлігі берекеге бастаған кезеңдер туралы бұрынырақта денсаулық сақтау қызметінде 40 жылға жуық тер төгіп, оның 12 жылында аудандағы осы салаға басшылық қылған ардагер дәрігер, ауданның Құрметті азаматы, КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі Төлеміс Қизатовпен сұхбаттасқанда көңілге түйгендерім мынау мерекелі күн қарсаңында ойға оралып отыр.

- Жалпы, қай жерде, қай уақытта болмасын, әр халықтың өкілдері бірлесе іс қылып, ізгі ниетті тату тірлікте болғаны жайлы деректер көп кездеседі ғой. Біздің өңірдегі денсаулық қызметінде де солай болған. Мәселен, «1906 жылдың жазында Бөкей ордасының территориясында оба ауруымен күресу мақсатында 6 дәрігерлік, 18 фельдшерлік пункттер ашылып, оларды Ордада ұйымдастырылған дәрігерлік-санитарлық бас дәрігер басқаратын болған» деп жазыпты өлкетанушы марқұм М.Жолжанов өзінің бір естелігінде. – Солардың қатарында болған Қарабатыр және Сарытөбе медпункттері аудан денсаулық сақтау жүйесінің негізін құраған ғой. Бұдан басқа Қамысқала ауылында П.Костеренко деген орыс саудагерінің қызы Мария Платоновна Костеренко (1908 ж.т.) Ресей Қызыл Крест қоғамы жанындағы мектепті (Роковская школа) бітіріп келгеннен кейін 1925 жылы медпункт ашып, халыққа медициналық көмек көрсете бастады деген де дерек бар. Қазіргі ағылшындар жатақханасының арқа бетіндегі медпункт орнында кейін темір дүкені жұмыс жасағанын жергілікті тұрғындар әлі де айтып жүр,-деген еді сол жолы Төкең ағамыз.

1939-1946 жылдары ескі Забурында еңбек еткен Петр Антонович Афанасьев деген дәрігер жергілікті халыққа өте сыйлы, қадірлі адам болғанын да сұхбаттасу барысында ағамыздан естіп-білген едік. Осы өңірде ұзақ уақыт жемісті жұмыс жасаған оған бір уыс топырақ та Забурыннан бұйырыпты. Ал 1935-1939 жылдары Тұщықұдық медпунктінде қызмет қылған фельдшер Сергей Антонович Ларионов кейін Есбол ауданының денсаулық бөлімін басқарған екен.

Ұлы Отан соғысы және одан кейінгі жылдары да басқа ұлт өкілдерінің ауданға жолдамамен келіп, жергілікті тұрғындарға дәрігерлік көмек көрсеткендігін дәлелдейтін деректер баршылық. Солардың алғашқылары болып келген Неонелла Федеровна Снегур, Мария Антоновна Кравченко деген украин қыздары Забурыннан еңбек жолдарын бастаған екен. «Н.Ф.Снегур үй-үйді аралап қотыр, күс, таз, безгек сияқты ауруларды анықтап, емдеген еді және бізге таздардың басын, ораған мәрлісін бізге жуғызып қоюшы еді» деп сол кездегі санитарлар Әмина, Зүлпина апайлар еске алатын» деп жазды кейін сол жерде жұмыс жасаған денсаулық саласы ардагері Зеннат Марданова апай бір естелігінде.

-1942-1944 жылдары бір топ орта буын медицина мамандары ауданға жолдамамен келіп, еңбек еткен. Олардың қатарында Нина Григорьевна Кривец (Жамбыл медпункті), Наташа Бусленко (Айбас медпункті), Мария, Шура Швецовалар, Тося Борцова сияқты орыс, украин ұлты қыздарының құм ішіндегі ауылдарды жаяу-жалпы, кейде көлікпен аралап, тұрғындарға риясыз қызмет еткендігін құйма құлақ, шежіре жандар - Ғатих Маштахов, Қабиболла Құрманғалиев ағаларымыз еске алып отырушы еді. 1928 жылы аудан шаңырақ көтеріп, денсаулық сақтау жүйесі құрыла бастағанда Новобогат селосындағы медпунктте Мука деген ноғай фельдшер жұмыс жасағаны да айтылып қалып жүр,-деген кеңес үкіметі кезінде орталық республикалардан мамандардың көптеп келіп, аудан халқына дәрігерлік көмек көрсеткендігі жайында білгенін бізбен бөліскен Төлеміс аға.

1941жылы аудандық денсаулық сақтау бөлімі құрылып, оны алғашында фельдшер Мұхамбетқали Ихсанов, 1942-1944 жылдары фельдшер Аққыз Қадирова басқарса, сол уақытта, яғни 1944 жылы Новобогатта 15 кереуеттік стационарлық аурухана ашылып, оны Украинадан келген Петр Антонович Данков деген дәрігер басқарған екен. 1946 жылдан бастап бұл міндетті Таиса Антоновна Рыжевская деген ұлты поляк дәрігер атқарулы. Ауданның денсаулық сақтау саласына 1946-1955 жылдары дәрігерлер Мария Антоновна Кравченко, Борис Саламонович Медведовский деген дәрігер жетекшілік қылулы. 1950 жылдардың соңғы ширегі мен 1960 жылдардың басында аудандық ауруханаға Ленинград мединститутын бітірген ерлі-зайыпты Княжецкийлер, хирург Нодель, Астрахан мединститутының түлектері – рентгенолог Аркадий Викторович Мац, акушер-гинеколог Мария Васильевна Артаменко, тағы басқалары келген.

Иә, сол бір уақыттарда тілі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір жандар бірліктің берекеге, ынтымақтың ырысқа бастарын паш етіп қана қойған жоқ, жергілікті ұлт өкілдерінің де оқып, білім алуына өз ықпалын тигізді, өз кадрларымыз өсіп-жетіліп, жергілікті жерден ондаған мамандар шықты, олардың алдыңғы легі халыққа қадери-қалінше қызмет қылды, кейінгі буын да сол соқпақты сенімді жалғастыруда. Ынтымақ, бірлік сынды ізгілікті ұғымдар да ізгі көңілдерде жалғасып жатыр...

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT