Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл

ашық дереккөзден

 

Қоғамдағы тағы бір ең өзекті мәселелердің бірі – тұрмыстық сипаттағы құқық бұзушылықтар мен отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу. Бұл бағытта аудандық полиция бөлімімен бірлесе жұмыс жүргізіп келе жатқан Отбасын қолдау орталығының атқарып отырған қызметі айрықша маңызға ие. Қозғалған осы тақырып аясында аппараттық жиында орталық басшысы жүргізілген жұмыстардың нәтижесімен бөлісті. Сол жиында сөз алған Отбасын қолдау орталығының басшысы Гүлнара Саматқызы «Тұрмыс» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында 27–31 қаңтар аралығында бірқатар отбасыларға зерделеу жүргізілгенін атап өтті.

– «Кәмелетке толмағандардың мінез-құлқына теріс әсер ететін ата-аналар» тізіміне енген отбасылардың әлеуметтік және психологиялық жағдайы жан-жақты зерттелді. Ата-аналармен профилактикалық әңгімелер өткізіліп, балалардың мектептегі ахуалы, қоғаммен қарым-қатынасы, ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысу деңгейі назарға алынды. Бұл жұмыстар мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтардың қатысуымен тұрақты мониторинг арқылы жүзеге асырылып келеді. Аталған апталық барысында қиын өмірлік жағдайға тап болу қаупі бар деп танылған үш көп балалы отбасыға біржолғы азық-түлік көмегі көрсетіліп, әлеуметтік қолдау ұйымдастырылды, – деді ол өз сөзінде.

Айта кету керек, мұндай жұмыстар бір реттік науқанмен шектелмейді. Өткен жылы аудан көлемінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған бірқатар ауқымды акциялар өткізілді. Атап айтқанда, сәуір–маусым айлары аралығында «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» акциясы шеңберінде мектептерде, мекемелерде және тұрғындар арасында түсіндіру шаралары ұйымдастырылған. Ал қараша–желтоқсан айларында өткен «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-әрекет» акциясы аясында аудан мектептерінде ақпараттық кездесулер өткізіліп, барлық ауылдық округтерде «Ашық есік» қабылдау күндері болды. Сонымен қатар сала мамандарының айтуынша тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында арнайы жадынамалар мен жарнамалық материалдар таратылған. Олардың ресми деректеріне сүйенсек, 2025 жылы Отбасын қолдау орталығы арқылы барлығы 236 адамға қызмет көрсетілген. Соның ішінде күрделі жағдайлар да кездескен. FSM Social бірыңғай платформасы арқылы түскен дабыл негізінде қиын өмірлік жағдайға тап болған бір әйел үш кәмелетке толмаған баласымен бірге орталыққа уақытша орналастырылып, мобильді топтың қатысуымен кешенді көмек көрсетілді. Әлеуметтік, психологиялық және құқықтық қолдаудың нәтижесінде отбасы ішіндегі мәселе бітімгершілік жолымен шешіліп, балалар мектепке орналастырылды.

Қазіргі таңда бұл отбасы орталық мамандарының тұрақты бақылауында. Жалпы алғанда, бүгінгі күнге дейін 49 іс-шара өткізіліп, 1290 адам қамтылған. Аудан аумағында орнатылған LED-экрандар арқылы жүргізілген ақпараттық жұмыстардың нәтижесінде тұрғындардың 85 пайызы Отбасын қолдау орталығының қызметтері туралы хабардар болған. Статистикалық деректерге сүйенсек, 2025 жылы орталыққа 29 дабыл түсіп, 207 өтініш қабылданған. Қызмет алушылардың басым бөлігін әйел азаматтар құрайды. Жүгінушілерге заңгерлік және психологиялық кеңес беру, әлеуметтік сүйемелдеу, демеушілік көмек, жұмысқа орналас-тыру сынды қызметтер көрсетілген.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT