Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында семинар өтті

0 Votes

Жақында Исатай аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Жеті жарғы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Ажырасудың және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» атты семинар-тренинг өткізілді.

Іс-шараға мектеп пен аурухана психологтары, әлеуметтік педагогтар мен сала мамандары, аудан әкімдігі жанындағы  әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, түзеу кабинеті мен отбасын қолдау орталығының қызметкерлері қатысты.
Аталған іс-шарада Исатай аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан сөз сөйледі.
- Бүгінгі семинарда өздеріңізге қажетті мағлұматтарды алып, ой бөлісесіздер тың ақпаратпен танысасыздар деп сенемін. Себебі, сіздермен өте тәжірибелі, өз ісінің білгірлері бірлесе жұмыс жасайды. Қатысушыларымыз барынша белсенділік танытады деп ойлаймын, -деді ол.
Алғашқы тренингті әдіскер, педагог-психолог маман Шынар Төкенова жүргізіп, тақырып төңірегіндегі жайттардың себеп-салдарына тоқталып оған тосқауыл қою жолдарын көрсетті. 
- Отбасы мүшелерінің орны ауысқан кезде ара қатынас бұзылады.Осы бағытта диагностика жүргізіліп, аудиторияның кері байланыс жасауы біз үшін өте маңызды болды, -деді ол.
 Семинарға қатысушылар түрлі ойындар ойнап, қоғамдағы өзекті әрі тың тақырыпты талқыға салып, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Әрқайсысы өз ойларын ашық түрде жеткізе білді.
Ал келесі « Өзіңе психолог бол» атты семинар-тренингті психолог-маман Марта Саудабаева жүргізді.Ол көпшілікпен кері байланыс орнатып, қатысушылардың ой-пікірі мен ұсыныстарына құлақ түрді. Олардың бірі Х.Наубетов атындағы орта мектептің психологы Гүлзада Мағазовамен тілдесіп, сөзге тартқан едік.
-Семинардан өте жақсы әсер алдық. Өзекті мәселе, әр отбасындағы кикілжің, балалар мен әйелдердің зорлық-зомбылық көретіндігі, соның салдарын болдырмау мақсатында алдын алу жұмыстары қажет екендігін ұғындық. Тіпті, іште тұнып тұрған түрлі эмоцияға ерік бердік-деген ол семинардан жақсы ой түйіндегенін айта өтті.
Шара соңында  қатысушыларға сертификат берілсе, облыс орталығынан арнайы келген мамандарға аудан әкімі атынан алғыс хат табысталды.

Сағыныш Сайлаубайқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT