Төрт бағыт бір мақсатқа тоғысты

 

Қазіргі заманда табыстың да, мүмкіндіктің де кілті – білім мен технологияны дер кезінде игере білу. Сондықтан аудан жастарына арналған озық ойлы, жаңа форматтағы шараның ұйымдастырылуы – уақыт талабы. Аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысымен «Жеті жарғы» қоғамдық қоры өткізген «Жасанды интеллект дәуірі: жастарды дамыту және жаңа кәсіби мүмкіндіктер» атты семинар-тренинг осы талапқа берілген нақты жауап болды.

Ауданда алғаш рет ұйымдастырылған бұл шараға NEET санатындағы жастар, жұмыссыздар, пробация есебіндегі азаматтар, жас кәсіпкерлер, түрлі мекемелердің мамандары және ауылдың белсенді жастары қатысты. Заманауи сұранысқа сай бағытталған тренингтің басты мақсаты – жаңа технологияларды түсіндірумен шектелмей, жастардың кәсіби бағдарын кеңейту, өз ісін бастауға жігерлендіру және болашаққа деген сенімін нығайту еді. Семинар төрт бағыт бойынша жүргізіліп, барлығы 80 жас қамтылды. Маркетингтің заманауи тәсілдері, жасанды интеллектті қолдану жолдары, аспаздық өнер және ұлттық әрі заманауи қолөнер техникасы – әрқайсысы қатысушыларға жаңа дағдылар мен өз мүмкіндігін бағамдауға жол ашты.

Аспаздық бағыттағы мастер-класс ерекше қызығушылық тудырды. Аққыстаулық жас аспаз Жанасыл Серікқали қатысушыларды кәсіби ас үйдің атмосферасына енгізіп, үй тағамының өзін ресторан деңгейінде дайындауға болатынын нақты мысалмен көрсетті. Күнделікті тұрмыста манты, самса, бауырсақты «көз мөлшермен» жасай салатын көпшілік үшін оның әр ингредиентті грамға дейін өлшеп, есеппен әзірлеуі тың әрі пайдалы тәжірибе болды. Отбасылық кәсіпте жартылай дайын өнімдер әзірлеумен айналысып жүрген Жанасыл манты түюден бастап, түшпара жасау, ұйғыр самсасын жабу, чебурек пісіру, етке арналған қамыр жаю, бауырсақ илеуге дейінгі бірнеше тағам түрін кезең-кезеңімен түсіндіріп, қатысушылардың өз қолымен жасап көруіне мүмкіндік берді. Бұл сабақ тек тағам әзірлеу техникасын меңгертпей, аспаздықтың да табысқа апарар кәсіби жол екенін сезіндірді.

Қатысушылардың бірі — 15 жылдық тәжірибесі бар аспаз Майра Бәделқызы да бұл сабақтың өзіне жаңалық болғанын жасырмады.

— Көп жылдан бері аспаз болып жүрсем де, бүгін мүлде тың тәсілдер үйрендім. Жартылай дайын өнімді кәсіби деңгейде дайындау, сақтау, дұрыс форма беру туралы ақпараттар маған өте қажет еді. Осындай тренингтер біздің ауылда жаңа кәсіпкерлердің шығуына үлкен мүмкіндік ашады,-деп өз әсерімен бөлісті.

 

 

Маркетинг бағыты бойынша тренингті тәжірибелі маман Жанболат Ізімғұтов жүргізіп, кәсіпкерлікті дамытуда жарнаманың маңызын, мақсатты аудиторияны дұрыс анықтау әдістерін және өнімді нарыққа тиімді ұсынудың қарапайым әрі нәтижелі тәсілдерін түсіндірді. Қатысушылар әлеуметтік желілерді бизнесте тиімді қолдану жолдарын меңгеріп, контент арқылы сенім қалыптастырудың басты құрал екенін ұғынды.

Шараның тағы бір маңызды бағыты – жасанды интеллектті қолдану бойынша тренинг болды. «Atyrau Hub» өңірлік менеджері Аннұр Мұратов AI технологияларының қазіргі мүмкіндіктерін таныстырып, оның тек мәтін немесе сурет жасайтын құрал емес, бизнес үдерістерін автоматтандыруға, жарнама әзірлеуге, видеоконтентті жылдам өндіруге мүмкіндік беретін әмбебап жүйе екенін атап өтті. Тіл үйрену, контент дайындау, шағын бизнеске арналған қызметтерді жеңілдету сияқты нақты мысалдар көрсетіліп, қатысушылар цифрлық ортада жұмыс істеудің жаңа дағдыларын игерді.

Сонымен бірге педагог-зерттеуші Сымбат Ғатихова жүргізген қолөнер сабағында қатысушылар ұлттық және заманауи стильді үйлестіре отырып, моншақтан сәндік тұғырша мен өрілген қойғыш сияқты бұйымдар жасаудың нәзік техникасына қанықты. Әр қадамды өз қолымен орындаған жастар дәстүрлі қолөнердің маңызын сезініп, шығармашылық әлеуетін байқатты.

Шара соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды. Бұл жоба ауыл жастарының жаңа бағыттарды меңгеруіне, кәсіби дағдыларын дамытуына және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына жол ашар маңызды бастама ретінде бағаланды.


    
Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT