Төрт түліктің жас сақшысы

 

Еңбектің жалынына шыдап, маңдай терімен күнкөріс қамын жасап жүрген әр маманның қоғам алдындағы жауапкершілігі өлшеусіз. Әсіресе ауыл тіршілігі төрт түлікпен тығыз байланысты болғандықтан ветеринария саласы – ауыл өмірінің айнасы, елдің ертеңі үшін аса маңызды буын. Осы салада жас болса да, талабы мен табандылығы арқылы құрметке ие болған мамандардың бірі – Салауатов Манас Бауыржанұлы. Ол өз ортасында еңбекқорлығымен де, мамандығына деген шынайы сүйіспеншілігімен де ерекшеленеді.

Манас 1998 жылы Жанбай ауылында дүниеге келген. 2006 жылы Х.Нәубетов атындағы орта мектепте білім жолын бастап, 2014 жылы мал дәрігері болуға ден қойып, Ақтөбе ауылшаруашылық колледжіне оқуға түседі. 2018 жылы диплом алып, туған өңіріне оралған жас маман Исатай ауылдық ветеринария пунктінде ветеринария фельдшері ретінде алғашқы еңбек жолын бастайды.
Көп ұзамай тәжірибесін кеңейту мақсатында 2019 жылы Зинеден ауылына ауысып, түрлі бағыттағы ветеринариялық жұмыстарға белсене араласады. Бұл кезең оның кәсіби тұрғыдан шыңдалуына зор ықпал етеді. 2020 жылдың 14 нау-рызында туған ауылына қайта оралып, өз жерінде тапжылмай еңбек етуге шешім қабылдайды. «Жас болса да бас болған» деген тіркес Манастың болмысына дәл келеді: тынбай ізденіп, ерінбей еңбек еткен ол 2021 жылдың қазанында Жанбай ауылдық округінің ветеринариялық пунктіне меңгеруші болып тағайындалады. Бүгінде оның қарамағында 3 фельдшер мен 2 санитар қызмет атқарады.

Манастың бұл мамандықты таңдауына ата-анасының жол көрсетуі себеп болғанымен, уақыт өте ветеринария оның өмірінің ажырамас бір бөлігіне айналған.

– Ветеринария – малды емдеу ғана емес, ауылдың амандығы, халықтың тұрмыс-тіршілігі. Әрбір түліктің саулығы – бір үйдің нәсібі. Біздің округте мал саны өте көп: мүйізді ірі қара – 6389, ұсақ мал – 7046, жылқы – 3260, түйе – 1594. Осынша малдың денсаулығына жауап беру, түрлі аурулардың алдын алу – үлкен міндет. Таңмен таласа тұрып малға шығамыз, екпе жасаймыз, ауру белгілерін зерттейміз. Көктемгі-күзгі науқандарда тәуліктің қай уақыты екеніне қарамай еңбек етуге тура келеді. Бұл жұмыстың қиындығы аз емес, бірақ өз жеріңе қызмет ету – үлкен бақыт. Ата-анамның ақылымен таңдаған осы мамандықты бүгінде шын жүрегіммен қалап істеймін. Мал сау болса – халық тыныш, елдің еңсесі биік,-дейді Манас Бауыржанұлы.

2023 жылы аудан басшысының қолдауымен Жанбай ветеринариялық пунктіне арнайы қызметтік көлік берілуі – ауылдағы ветеринариялық жұмыстың сапасын арттырған маңызды қадам. Шалғай қыстақтарға дер кезінде жетіп, аурудың алдын алу шараларын тиімді жүргізуге бұл көліктің пайдасы зор екенін Манас ерекше атап өтеді.

Манас Бауыржанұлы – жас болса да ауыл үшін аянбай еңбек етіп жүрген азамат. Туған жеріне адалдығы, мамандығына деген құрметі мен жауапкершілігі – ауыл жастарына үлгі. Төрт түлікке тіршілік сыйлап жүрген оның еңбегі  – ауылдың тұрақты дамуы мен берекесінің кепілі. Адал еңбек пен табандылық бар жерде ғана береке болатынын дәлелдеп жүрген жандардың бірі. Бүгінгі қоғамның шынайы қаһармандары – дәл осындай қарапайым еңбек адамдары. «Жұмысшы мамандықтар жылы» олардың маңдай терін бағалап, мәртебесін көтеруге жол ашты. Еңбек адамына құрмет көрсету – елдің болашағына жасалған қамқорлық. Сондықтан Манас Бауыржанұлы сияқ-ты еліне адал қызмет еткен азаматтардың өмір жолы өскелең ұрпаққа әрдайым өнеге болып қала бермек.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT