Тәртіп пен мәдениет – қауіпсіз қозғалыстың негізі

 

Қоғамда көлік жүргізу мәдениетін қалыптастыру – әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатын маңызды үдеріс. Жол қозғалысына қатысатын әрбір жүргізуші, жаяу жүргінші немесе жолаушы өз іс-әрекетінің өзгелердің өміріне тікелей әсер ететінін түсінуі қажет. Өйткені жолда тәртіп сақтау – тек белгіленген ережелерге бағыну ғана емес, ол айналадағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың өмірі мен денсаулығына құрмет көрсету деген сөз.

Көлік жүргізу мәдениеті – бұл сабырлылық, құрмет, өзара түсіністік және жауапкершілік сияқты адами қасиеттердің жиынтығы. Жолда әрбір сәтте дұрыс шешім қабылдау, жылдамдықты шамадан тыс асырмау, біреудің жолын кеспеу, бағдаршам мен жол белгілеріне мұқият қарау – міне, осының барлығы қоғамдық қауіпсіздікке тікелей әсер етеді. Егер әрбір адам өз мінез-құлқын реттеп, көлікті саналы түрде басқара білсе, жол-көлік оқиғалары едәуір азаяр еді.

Бұл – барлығымыздың ортақ міндетіміз. Қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздік тек заңның қатаңдығымен емес, адамдардың ішкі мәдениетімен, өзара сыйластығымен қалыптасады. Сондықтан әрқайсымыз қоршаған ортаға жанашырлық танытып, жолдағы жауапкершілігімізді терең түсіне білуіміз керек. Саналы көзқарас пен мәдениетті әрекет – қауіпсіз әрі тыныш қоғам құрудың басты кепілі.

 

Айгүл АДИЛОВА,

Зинеден ауылдық округінің әкімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT