ТҰЩЫҚҰДЫҚ АУЫЛЫНДА НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ ЕРЕКШЕ АТАЛЫП ӨТТІ

Басқа ауылдардағы секілді Тұщықұдық ауылында да Ұлыстың ұлы күні ерекше аталып өтті. 

Н. Үлкенбаев атындағы мәдениет үйінің алдында өткен Наурыз думан мерекесіне жергілікті жұртшылық көп жиналды. Әсіресе үстеріне ою өрнегі әдемі жарасып, ұлттық киім киген ата мен әжелердің көңіл-күйлері ерекше болды. Үлкен кісілердің осы бір алаңсыз қуанышты сәттерін пайдаланып, жастар жағы бірінен соң бірі төс қағыстырып, құшақтаса, көрісіп жатты. Бұған шын риза болған ата-әжелер ақ батасын беріп, ізгі тілектерін жаудырды.

Көп ұзамай жүргізушілер көптен күткен Наурыз думан мерекесінің басталғанын көпшілікке паш етті. Алдымен Аққыстау халық театр әртістері шығып, Қыдыр ата, Ұмай ана, Күн мен Түн, төрт түліктің пірлері Қамбар ата, Шопан ата, Ойсыл қара, Зеңгі баба сияқты мифологиялық аңыз кейіпкерлерінің бейнелерін сомдап, береке мен бірліктің, жаңару мен жасампаздықтың, молшылық мен тоқшылықтың, мейірімділік пен тазалықтың бастауы саналатын нұр көктемнің адамзат баласына әкелер пайдасына тоқталды. Мереке кезінде аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Е. Насимуллин,аудандық мәслихаттың төрағасы А.Рахметов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж. Маштахов, Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі А. Бекішұлы барша ауыл тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтаса, ауылдың қадірменді ақсақалы Қ. Сұпығалиев аталық ақ батасын берді. Сондай-ақ шара барысында Наурыз көже үлестіріліп, ауыл өнерпаздары мен бишілер тобы би билеп, әннен шашу шашты. Соңында ұлттық ойындарға кезек беріліп, жеңімпаз атанғандар дипломдармен марапатталды.Сол күні сауда жәрмеңкесі ұйымдастырылып, кішкентай балалар карусель мен батута қызығын тамашалап жатты. 

 

Аяпберген Салихов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521