Бүгін Тұщықұдық ауылдық округінде өткен жиында округтің жаңа әкімімен таныстыру рәсімі өтті. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрғайша Абежан мен аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қабыл Губашов жаңа басшыны ресми түрде таныстырып, оның алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
Аудандық мәслихаттың төрағасы, аудан әкімінің аппарат басшысы және ауыл ақсақалдары мен бөлім басшылары да жаңа әкімге ақжолтай тілектерін жеткізіп, ел игілігі жолындағы қызметіне сәттілік тіледі.
2025 жылғы 11 мамырда өткен сайлау қорытындысына сәйкес, Исатай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының шешімімен Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі болып Арслан Кибатоллаұлы Амиров сайланып, ресми түрде тіркелді.
Жиын барысында аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрғайша Халидоллақызы сөз алып, жаңа әкімге нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, жазғы су құбырын іске қосу, ескі ғимараттардың қасбетін ретке келтіру, Қызыл үй каналына қатысты мәселелерді зерделеу, құрылыс нысандарының уақытылы аяқталуын бақылау, ауылшаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту, тұрғындармен кері байланыс жүйесін жолға қою және Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінің жұмысын жандандыру сынды маңызды міндеттерді орындау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ мекеме аумағына тал егіп, көпжылдық гүлдер отырғызу сынды абаттандыру шараларын қолға алу керектігін де тапсырды.
Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қабыл Губашов «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 46-бабы, 3-тармағы, 2-тармақшасына сәйкес, сайланған әкімге Орталық сайлау комиссиясы бекіткен үлгідегі куәлікті табыстады.
– Ел сенімін ақтау – мен үшін үлкен жауапкершілік. Ауылдың әрбір тұрғынының үні естіліп, мәселесі назардан тыс қалмауы тиіс. Сіздермен ашық пікірлесіп, бірге жұмыс істеуге дайынмын. Алдымызда тұрған міндет көп, соның әрқайсысын бірлесе шешуге ниеттімін,-деді жаңа әкім Арслан Амиров.
Жаңа әкім – Арслан Амиров 1973 жылы 13 қыркүйекте бұрынғы Гурьев облысының (қазіргі Атырау облысы) Новобогат ауданындағы Новобогат ауылында, қазіргі Х.Ерғалиев ауылында дүниеге келген. Жоғары білімді. Еңбек жолын 1990 жылдары Исатай аудандық өкпе аурулары ауруханасында слесарь-сантехник қызметінен бастаған. 1998 жылдан бастап аудан әкімдігі жүйесінде түрлі лауазымдарда еңбек етті. Атап айтқанда, Исатай ауданы әкімі аппаратының бас маманы, аудан әкімінің көмекшісі, ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі, жер қатынастары бөлімінің басшысы, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы, сондай-ақ тіркеу және жер кадастры бөлімінің жетекшісі қызметтерін атқарды. Білікті маман, басқару ісіне тәжірибесі мол, ел мүддесі жолындағы қызметке әркез дайын азамат. «AMANAT» партиясының мүшесі, отбасылы.
Ауыл тұрғындары жаңа әкімге зор үміт артып, оның ел игілігі жолындағы еңбегіне сенім білдірді.