Тұщықұдықта «Ана мен бала» орталығы ашылды

 

Қоғамның өркениетті деңгейін тек экономикалық көрсеткіштермен емес, оның адамға, әсіресе, ерекше қажеттіліктері бар жандарға деген көзқарасымен бағалауға болады. Бүгінгі таңда инклюзивті білім беру мен әлеуметтік бейімдеу мәселесі еліміздің басты стратегиялық бағыттарының бірі саналады. Әсіресе, ауылдық жерлерде ерекше балалардың дамуына жағдай жасау – уақыт талабы. Осындай өзекті мәселені жүрек қалауымен қолға алған жерлесіміз, әлеуметтік кәсіпкер Шамиева Назерке Құрмантайқызын атап өтуге болады. 

Ол  жақында Тұщықұдық ауылында акушерка Айнұр Жұппаевамен бірлесіп, «Несібелі ана» атты ана мен бала орталығын ашты. Орталықта осы жылдың қыркүйек айынан бастап аналарға кеңес беру,  психолог, логопед-дефектолог, афк, балалар массажы, әйелдер массажы, шілде тер шығару сынды қызметтер көрсетіледі.Үйде отырған аналарға арнап сенбі-жексенбі күндері арт терапия,мак терапия,мастер кластар бар. Ерте диагностика және баланың моторлы дамуын бақылау бағытында қызмет көрсетіп келеді.

 

 

«Ерекше баланың дамуы – тек педагогтің емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Мен әр баланың әлеуетіне сенемін, бас-тысы – оған мүмкіндік беру», - дейді бізбен байланысқан моторлы онтогенез маманы Назерке Құрмантайқызы өз сөзінде. 

Орталық иесі еңбек жолын медицина саласынан бастаған. Ол Ақтөбе медициналық колледжінде «Емдеу ісі» мамандығын, кейін Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетте «Дефектология» мамандығын игеріп, ерекше балалармен жұмыс істеу бағытын таңдаған.

 

 

Оның айтуынша, алғашында аудандық ауруханада дефектолог-психолог болып қызмет атқарып жүрген жылдары ата-аналардан арнайы түзету кабинетін ашуға сұраныс түскен екен. Осы ниеттің жетегінде ол 2023 жылы Алматы қаласында тәжірибелі маман Гүлсара Ниязқызынан «Орталық ашу» бағыты бойынша кәсіби кеңес алып, тамыз айында аудан орталығынан «Айым» балаларды дамыту кабинетін ашқан.

 

 

- Бастапқыда екі бөлмелі шағын үйді жалға алып жұмыс бастадық. Алғашқы балалардың нәтижесін көрген сайын осы істің маңызын терең түсіне бастадым. Уақыт өте бұл тек менің кәсібім емес, өмірлік миссияма айналды. Қазір орталықта 352 балаға түрлі бағыттағы дефектологиялық және психологиялық қызмет көрсетіледі. Мұнда ЗПР, РАС, СДВГ, тұтықпа, дизартрия, дислексия, ОНР, сенсорлық алалия диагнозы бар балалармен кешенді жұмыс жүргізілуде,-дейді Назерке Құрмантайқызы.

 

 

Сондай-ақ ол өткен жылы «Теңізшевройл» компаниясының «Жарқыра» әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында өткен байқауда жеңімпаз атанып, Дубай қаласында халықаралық тәжірибе алмасуға қатысқан. Онда «Бала өмірінің алғашқы жылындағы психомоторлы және сөйлеу онтогенезінің даму ерекшеліктері» тақырыбында баяндама жасап, І дәрежелі дипломмен марапатталған. Ал осы жылдан бастап ресми түрде әлеуметтік кәсіпкер ретінде тіркеліп, «Ғаламат» методикасы бойынша бастауыш сынып оқушыларына арналған жаңа оқу кабинетін іске қосқан. Бұл әдістеме дамуында тежелісі бар балаларды оқытуда да оң нәтиже болып жатқанын аңғартады. 

 

 

– Қазір біз тек ерекше балалармен емес, олардың аналарымен де жұмыс істеуіміз керек. Себебі баланың дамуы – ананың түсінігі мен қолдауынан басталады. Біздің басты мақсатымыз – қоғамда инклюзивті көзқарас қалыптастыру. Әр бала — қоғамның толыққанды мүшесі екенін ұғындыру. Егер біз себептермен күресуді ерте бастасақ, онда нәтижесі де ұзаққа барады,-дейді Назерке Шамиева.

 

 

Инклюзия идеясына сеніп, оны ауылдық жерде нақты іске айналдырған кейіпкеріміз бүгінгі әлеуметтік кәсіпкерліктің шынайы үлгісін де көрсетіп келеді.

 

 

Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT