Таяуда әлеуметтік желіде Астанадағы бір шағын кәсіпкерлік нысанының Тәуелсіздік күні қарсаңында ерекше безендірілген бейнесі көпшіліктің қызығушылығын тудырған еді. Көк туымыз бен көк түсті шарлардың үйлесімі мерекелік рухты айшықтап, ұлттық нақыштағы әдемі бастама көптің жылы пікіріне ие болды. Ал мұндай көріністі өз ауданымыздан да көреміз деп ешкім ойламаған. Араға көп уақыт салмай-ақ, дәл сондай ықылас пен мерекелік сән Тұщықұдық ауылында да пайда болды. Ауылдағы «Ханшайым» дүкені Тәуелсіздік күніне орай ішкі кеңістігін көк ту, көк шарлар және ұлттық реңк беретін элементтермен әрлеп, өзіне тән айрықша атмосфера қалыптастырды.
Бұл күтпеген жаңалық ауыл тұрғындарының көңілін көтеріп, елдіктің, еркіндіктің қадірін тағы бір сездіргендей болды.

Бастаманың қалай жүзеге асқанын білу үшін дүкен иесі Жаннат Бейсеновамен сөйлестік.
– Бұл безендіруді Instagram желісіндегі «Дәулеттен» және «Клубничный рай» парақшаларынан көріп, «Неге мен де жасамасқа?» деген ой келді. Әуелі көп ойландым, ел қалай қабылдар екен деп толғандым. Соңында Тәуелсіздік мерекесін өзгеше атап өтуді жөн көрдім. Ешкімге айтпай, бір кеште қажетті заттармен безендіріп шықтық. Көп қаржы кеткен жоқ. Дегенмен, Тәуелсіздіктің арқасында тыныш, бейбіт заманда өмір сүріп жатқанымыздың өзі — үлкен бақыт,-дейді кәсіпкер.
Жаннат Бейсенова – бес баланың анасы. Ол Тұщықұдық ауылындағы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектепте кітапханашы болып қызмет етеді. Ал отағасы Әсет Қапизоллаевпен бірге соңғы бес жылда ауыл халқын қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етіп, көпшіліктің алғысына бөленіп келеді.

Иә, бүгінде көп кәсіпкерлік нысандар Тәуелсіздік күнін күтпестен, қараша айынан-ақ жаңа жылдық безендіруді бастап кетеді. Әрине, мерекенің әрқайсысының өз орны бар. Бірақ дәл осындай елдік рухты, отаншылдықты айшықтайтын бастамалар – баршаға үлгі. Тәуелсіздікке деген құрметтің ең қарапайым көрінісі осындай шынайы әрекеттерден басталады. Тұщықұдықтағы кішкентай ғана дүкеннің үлкен жүректен туған бұл ісі жұртқа жылы сезім сыйлап қана қоймай, мерекенің мәнін тереңнен ұғындыруға себеп болды.
Сағыныш ҚАЙЫР


