Тұщықұдықта ветеринариялық дәріхана ашылды

 

Тұщықұдық ауылында аудан бойынша алғаш рет ветеринариялық дәріхана ашылды. Жергілікті азаматтың бастамасымен жүзеге асқан жоба ауыл тұрғындарына малға қажетті дәрі-дәрмектерді қолжетімді етуге мүмкіндік бермек. Ауыл шаруашылығын дамыту – мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының маңызды тірегі. Бұл бағыт Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында да ерекше атап көрсетілген болатын. Ел Президенті ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру, аграрлық саладағы қызметтерді қолжетімді ету басты міндеттердің бірі екенін айқындаған еді. 

Ауданның әл-ауқатын көтеріп, ырысын кіргізіп, берекесін арттыратын, тынысын ашатын басты сала – ауыл шаруашылығы екені белгілі. Жазық даланың қойнау-қойнауын қоныстанған ел-жұрт төрт түлік малын бағып, күнелтуде. Бүгінде аудан көлемінде 200-ден аса шаруа қожалығы тұрақты жұмыс жүргізіп отыр. Дегенмен, соңғы жылдары мал арасында түрлі дерттер жиі байқалып жүр.

Биылдың өзінде аудан бойынша 296 түйе малын қарақұрт шағу жағдайы тіркелді. Уақытылы көрсетілген ветеринариялық көмектің арқасында олардың басым бөлігі – 259 түйе сауығып шықты. Алайда 30 бас мал шығыны орын алды, тағы 7 бас түйеге қазіргі уақытта ем шаралары жасалды. Бұл – мал арасында кездесетін індеттің бір ғана түрі. Ал ауыл тұрғындары біле бермейтін сырқаттар қаншама? Осы орайда ветеринариялық мамандар да, шаруа қожалықтарының иелері де қолдарынан келгенше малдың қамын жасап әлек болды. Дегенмен, аурудың алдын алу үшін тұрақты түрде ем-дом жасап, дер кезінде шара қолдану қажет екені айқын аңғарылды. Бұрын мұндайда ауыл тұрғындары дәрі-дәрмек алу үшін қалаға сабылатын. Бірінің қалтасы көтерсе, енді бірінің жағдайы келмей қалатын. Сол себепті ауданымызда ветеринариялық дәріхананың қажеттілігі жиі айтылып жүрген-ді. Енді, міне, осындай мәселенің шешімін табар азамат табылып, көптен күткен игі бастама жүзеге асып отыр.

Осы орайда Тұщықұдық ауылында аудан бойынша алғаш рет «Раяна» атты ветеринариялық дәріхана ашылды. Жергілікті азамат Өмірбек Хайрулеев өз бастамасымен қолға алған бұл игілікті іс ауыл шаруашылығымен айналысатын жұртшылық үшін айрықша қуанышты жаңалық болып отыр. Дәріханада төрт түлік малға қажетті дәрі-дәрмектер мен витаминдерден бөлек, ит-мысық сияқты үй жануарларына арналған ветеринариялық препараттар да бар. Кәсіпкердің айтуынша, ол бұл істі мемлекеттен ешқандай көмек алмай, өз қаражаты есебінен жүзеге асырған:

– Көбіне аудан орталығынан шалғай орналасқан шаруагерлерге қиын. Өйткені олар қалаға қатынап жүріп дәрі алатын. Ол – уақытты да, қаражатты да қажет етеді. Сондықтан осыны ескеріп, халыққа қолайлы болуы үшін дәріхананы ашуды жөн көрдім. Бұл жерден әр ауыл тұрғыны төрт түлікке қажетті дәрі-дәрмек түрін таба алады. Дәріханаға сатушы етіп Жанасыл Хайрлиев есімді ауыл азаматын тұрақты жұмысқа алдым. Осылайша тұрғындардың сұранысын қамту ниетіндемін,-дейді кәсіп иесі.

Жаңа дәріхананың ашылуы ауылдағы халықтың тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, мал шаруашылығының тиімділігін арттыруға, ауылдық жерлердің әлеуетін көтеруге үлкен септігін тигізері сөзсіз. Бұл – Мемлекет басшысының ауылды өркендету жөніндегі тапсырмаларына сай жүзеге асқан нақты істің бір айқын көрінісі.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT