ТҰЩЫҚҰДЫҚТАҒЫ ҚОС ҚУАНЫШ

Суреттер автордікі

 

Тұщықұдық ауылында балалар мен жастарға арналған жаңа әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді,-деп хабарлайды «Нарын таңы» газеті.

Ел тілегі ескерусіз қалмай, шалғай көшелерде бой көтерген ойын алаңы мен кіші аяқ доп алаңы ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышына айналды.

 

 

Атап айтқанда, Т.Башпанов көшесіндегі ойын алаңының салтанатты ашылу рәсімінде Исатай ауданының әкімі Нұрым Мусин ауыл тұрғындарын құттықтап, игі тілегін жеткізді. Қызыл лентаны қию құрметі ауыл ақсақалы Бақтығұл Абдуллин мен Тұщықұдық ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Қайырғалиеваға бұйырды. Ашылу салтанаты дәстүрлі шашумен басталып, балаларға тәттілер таратылды.

 

 

Шара барысында сөз алған ауыл ардагері, зейнеткер Тұқпатолла Зиманов өз ризашылығын білдірді:

– Біздің балалық шағымызда мұндай алаңдар болған жоқ. Ал қазір балалар мен немерелерімізге арналған осындай заманауи, сапалы ойын алаңының салынуы – үлкен қуаныш. Бұл іске мұрындық болған азаматтарға алғысым шексіз, – деді ардагер.

 

 

Аталған ойын алаңын ауданымыздағы «НАЖМЕДЕНОВА МЕЙРАМГҮЛ» жеке кәсіпкерлігі салғанын атап өткен жөн.

Салтанатты шараның жалғасы ретінде М.Ғалиев көшесінде жаңадан бой көтерген кіші аяқ доп алаңы да ресми түрде ашылды. Бұл алаңның лентасын спорт саласының ардагері Алмагүл Қанатова мен жеке кәсіпкер Нұркен Мұханбеталиев қиды. Жиналған қауымды кезекті қуанышымен құттықтаған аудан басшысы:

 

 

– Жергілікті тұрғындардың өтініші негізінде ауылдың шеткі көшесінде кіші футбол алаңын салдық. Тұщықұдық жастары – ауданның ғана емес, облыстың намысын қорғап жүрген дарынды өрендер. Соларға лайықты жағдай жасау – біздің міндетіміз, – деді.

 

 

Осы күні Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Арсылан Амиров ел алдындағы азаматтық ұстанымы мен демеушілігі үшін кәсіпкер Нұркен Мұханбеталиевке Алғыс хат табыс етті.

 

 

Жас футболшылармен бірге жаңа алаңның алғашқы ойынын ашқан кәсіпкер өз атынан балаларға бірнеше футбол добын сыйға тартты.

 

 

Ауыл тұрғындары үшін бұл қос нысан – тек ойын-сауық немесе спорт алаңы ғана емес, өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтып, бос уақытын тиімді өткізуіне жол ашатын маңызды орын болары анық.

 

 


Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT