Тұщықұдықтағы тағылымды кеш отбасы құндылықтарын дәріптеді

суреттер автордікі

 

Қазіргі қоғамда шынайы ерлік – үлкен мінберден емес, шаңырақ ішінде, баланың күлкісінен, ананың шыдамынан, әкенің өнегесінен көрінеді. Осындай шынайы құндылықтарды дәріптеген тағылымды кеш Тұщықұдық ауылында өтті. Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйі ұйымдастырған «Мейірімділік – отбасы жылуының бастауы» атты мәдени іс-шара Аналар күні мен Халықаралық отбасы күніне арналды.

 

 

Кештің шымылдығын аталған мәдениет үйінің директоры Мақсот Мәлімқожаұлы ашып, жиналғандарға жылы лебізін білдіріп, бұл мерекенің отбасындағы мейірім мен ауызбірліктің маңызын еске салды. Оның айтуынша, отбасы – тек бір шаңырақ емес, тұтас қоғамның іргетасы.

 

 

Мерекелік жиында ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Қайырлиева мен әкелер кеңесінің төрағасы Серікқали Әубәкіров сөз сөйлеп, отбасы тәрбиесіндегі әке мен ананың роліне тоқталды. Олар отбасындағы жауапкершілік, құрмет пен сүйіспеншілік ұрпақ болашағын қалыптастырудағы негізгі құндылық екенін атап өтті.

 

 

Кештің ең жүрек тебірентер сәті – ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарға деген құрмет болды.

 

 

Айнагүл Уахитова мен Күнсұлу Мұқашева – күн сайын күресіп, үмітпен өмір сүріп келе жатқан аналар. Олардың табандылығы мен аналық махаббаты – нағыз ерліктің көрінісі. Осы аналарға ауыл шаруагерлерінің демеушілігімен жиналған қаржылай сый-сияпатты мәдениет үйінің директоры Мақсот Мәлімқожаұлы салтанатты түрде табыстады.

 

 

Сондай-ақ шараға ұлттық салт-дәстүрді баласына үйретіп, атбегілікпен айналысып жүрген үлгілі әке Нұрлыбек Қойшиев пен түрлі додаларда топ жарып жүрген спортшы қыздарды тәрбиелеп отырған көп балалы ана Альбина Қанатова арнайы шақырылып, сахна төрінен лайықты орын алды. Олардың отбасы тәрбиесіндегі еңбегі көпшілікке үлгі етілді.

 

 

Іс-шараның мәртебесін арттыра түскен қонақтар қатарында Атырау қаласынан арнайы келген меймандар болды. Атап айтсақ, «Мүгедек әлемі» үкіметтік емес ұйымының төрайымы Гүлмира Нұржігітова, «Ауыл» партиясының Атырау облыстық филиалы жанындағы мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Өмірзақ Жұмағалиев, сондай-ақ «Мейірім құшағы» облыстық әйелдер, балалар және отбасы істері жөніндегі комиссия төрайымы Сәуле Халидуллина отбасылық құндылықтардың қоғамдағы орны туралы жүрекжарды лебіздерін білдірді. «Ұлттың тамыры отбасынан басталады» деген оралымды ойлары көрермендердің көңілінен шықты.

 

 

Кештің көркемдік бөлімінде Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары әсем ән мен күйден шашу шашып, театр әртістерінің қойылымдары көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

 

 

Шара соңында игі істерімен көпке үлгі болып жүрген ауыл кәсіпкерлеріне – «Думан», «Айгерім», «Жайнагүл», «Мұрагер», «Ербол», «Ханшайым», «Нұрхат», «Ақжан» дүкендерінің иелері мен «Ақжол» өнер мектебінің басшысына мәдениет үйі ұжымы атынан алғыс айтылды.

 

 

 Бір күндік мереке емес, қоғамның өзегін құрайтын отбасы тәрбиесінің қадірін көрсеткен, елге өнеге болған мейірім мерекесі болды.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT