Таяуда Өскемен қаласында 2011–2012 жылы туған жасөспірімдер арасында волейболдан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Бұл додаға еліміздің 17 облысы мен 3 республикалық маңызы бар қаладан келген 250-ге жуық жас волейболшы қатысып, өзара шеберлік байқасты. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған чемпионат жас спортшылардың қарымын айқындаған айтулы сын болды.
Байрақты бәсекеде Атырау облысының құрамасы жүлделі үшінші орынды иеленіп, өңір намысын лайықты қорғады. Команда сапында өнер көрсеткен Исатай аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушысы – Таңшолпан Нұрбергенқызы бұл жетістікке өзіндік үлес қосып, аудан тарихында қыздар арасынан алғаш рет ел біріншілігінің жүлдегері атанды. Бұл аудандағы спорт тарихы үшін үлкен мәртебе әрі жас талант үшін биік белес.
Әрине, бұл жеңістің артында бірлескен еңбегі мен ұзақ жылдық тәжірибесі тұрған бапкерлер — Азамат Сұңғатов, Асланбек Аронов және Жандаулет Ғадылжанның да еңбегі зор.
Жас спортшының жауапкершілігі мен талпынысы туралы бізбен болған әңгімесінде бапкері Жандаулет Ғаділжан бөлісті.

– Таңшолпан – мақсатшыл, талпынғыш әрі жауапкершілігі жоғары спортшы.Жаттығуда ешқашан жеңіл жол іздемейді, әр тапсырманы бар ынта-жігерімен орындайды. Чемпионатта көрсеткен деңгейі – оның еңбегінің айқын жемісі. Бұл нәтиже біздің ғана емес, бүкіл ауданның қуанышы. Алда әлі талай сын тұр, біз оның одан да жоғары белестерді бағындыратынына сенеміз, –деді ол үлкен сенімділікпен.
Жерлес Таңшолпанның ел чемпионатындағы бұл жетістігі – Исатай ауданындағы қыздар волейболының жаңа тынысы, жас буынның жарқын әлеуетін дәлелдеген қуанышты нәтиже болды. Ол осындай жетістіктерге жету арқылы өзінен кейінгі өскелең спортшыларға үлгі болып, жаңа жеңістерге жол ашары анық.
Сағыныш ҚАЙЫР

