Таяуда ғана «Медеу» мұз айдынында ерекше мәдени оқиға орын алды. Ел аумағынан жиналған құрақшылар «Медеу» мұзайдынын тұтас қамтыған, бір түсті, бірдей өлшемдегі құрақ көрпелерді жайып, жаһандық рекорд орнатты. Аламан құрақ қауымдастығы ұйымдастырған шараны GBR дүниежүзілік рекордтар кітабының ресми өкілдері бағалап, бірегей туындыны тіркеді. Осы айтулы шараға Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылынан қатысқан кәсіпкер Тамара Тұрланқызы да өз үлесін қосып, құрақшылар қатарында рекорд иесі атанды. Оның осы жетістігі – ауданымыз үшін де үлкен мәртебе.
Бүгін аудан әкімі Нұрым Мусин құрақшы кәсіпкерді арнайы қабылдап, ізгі лебізін білдірді.
– Ауданымызда қолөнермен кәсіби айналысатын жандар аз. Сіздің осы саладағы талпынысыңыз, еңбегіңіз – өзгелерге үлгі. Құрақ – халқымыздың көне өнері. Соны жаңғыртып, әлемдік деңгейге көтеруге атсалысып жатқаныңыз – мақтаныш,-деді аудан басшысы.
Қабылдауға аудан әкімі аппаратының басшысы Арманбек Махмутов, аудан әкімі аппаратының жалпы жұмылдыру дайындығы, төтенше жағдайлардың алдын-алу бөлімінің басшысы Мейрамгүл Құрасова, Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Арслан Амиров және аудандық ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Дидар Есмұханов қатысты.
Кәсіпкер Тамара Тұрланқызы бұл бастама туралы әлеуметтік желіден біліп, қызығушылық танытып, өз қалауымен қатысқанын жеткізді. Оның айтуынша, ұйымдастырушылар алдын ала тапсырма беріп, қажетті матаны қаржы төлеу арқылы ұсынған.
– Барлығын уақытында дайындап, бір көрпе мен Алматының апортына ұқсайтын тағы бір ерекше көрпе тіктім. Бұл шарадан алған әсерім өте керемет. Шын мәнінде, рухани байып, ұлттық өнерге деген құрметім бұрынғыдан да арта түсті. Әлеуметтік желіден осы жоба жайлы алғаш көргенде-ақ бірден қызығып, «мен де қатыссам екен» деген ой келді. Бірақ, уақыт тығыз болғандықтан арнайы киім тігіп үлгіре алмадым. Сол себепті Н.Үлкенбайұлы атындағы ауылдық мәдениет үйіне арнайы барып, қолдау сұрадым. Мәдениет үйінің басшысы Мақсот Ислат бірден жылы қарсы алып, көмектесуге ниет білдірді.Қандай да бір көмек керек болса, дайын екенін айтып, тіпті қаржылай да қолдау көрсетті.Бұл мен үшін үлкен қолдау әрі шабыт көзі болды. Сондай-ақ ұлттық өнеріміз – құрақты шетелге таныту, оны бір рекордпен дәлелдеу маған ерекше шабыт сыйлады. Атырау өңірінен қатысқан 10 адамның бірі болу мен үшін үлкен мақтаныш. Әр көрпенің ар жағында қаншама ананың еңбегі, көз майын тауысқан тігісі жатыр. Сол құрақтар Медеудің мұзында бір кілемге айналғанда, жүрегім ерекше толқыды. Жоба аясында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 660 құрақшы бірдей пішімде құрақ көрпелер тігіп, оларды алдын ала үйлестіріп, мұзайдын үстінде үлкен кілемге біріктірді. Құрақтар түсі, материалы, өлшемі мен салмағына дейін ортақ талаппен жасалған. Бұл – әлемдік тәжірибеде тіркелмеген тың рекорд. Бұл – жай ғана көрпе емес, бұл – халқымыздың бірлігі, салтымыздың айғағы. Сол іс-шараға қатысу арқылы өз үлесімді қосқаныма шын жүректен қуанамын,-дейді ағынан жарылған Т.Тұрланқызы.
Сондай-ақ, құрақшы кәсіпкердің ұсыныс-пікірлері тыңдалып, жоспарларымен де бөлісті. Кездесу соңында аудан әкімі оған ризашылығын жеткізіп, Алғыс хат пен гүл шоғын ұсынды. Сонымен қатар ауылдық округ әкімі де ауылының мерейін үстем еткен тұщықұдықтық кәсіпкерге естелік сыйлық тарту етті.
Сағыныш ҚАЙЫР