Исатай ауданына қарасты Тұщықұдық ауылының шығыс жақ бетінде Комплекс (қазіргі Аққыстау және С.Нұрманов көшелері) атты шағын ауыл бар. Осы ауылдың үстінен бүгіндері Жайық өзенінен бастау алатын Бақсай каналының бір өзекшесі ағып жатыр. Ортада екі ауылды айырып тұрған жаяу жүргінші және теміржол көпірлері бар.
Канал сумен көктемде және күзде екі рет толтырылады. Қазірде каналға Жайық өзенінен мол су келуде. Егерде жоғарыдан осы өзекке су көп келетін болса, онда өр суы каналға жақын салынған тұрғын үйлерге қауіп төндіретіні сөзсіз.
Оның үстіне биылғы жылы Жайық өзені көтерілуі мүмкін деген болжамдар айтылып жатыр. Осыған байланысты күні бүгін жоғарыда аталған екі көше мен орталық көшенің ауыл жастары өр суынан қорғану үшін тайлы-таяғы қалмай екі күннен бері бел шешпестен белсенділікпен канал жағасын бекіту бағытында қызу жұмыстар жүргізуде. Мысалы, бергі беттегі А. Смағұлов көшесінде ауылдың ерікті жастары кешке дейін бес мың қап топырақ дайындаса, С.Нұрманов көшесіндегі шағын ауыл тұрғындары да олардан қалыспай, үш мыңның үстінде қап құм дайындап каналдың төрт-бес шақырымдық екі жағалауын су өтпестей бекіту жұмыстарын жүргізді.Осы істің басы-қасында жүріп,жастарға бағыт-бағдар беруші С.Нұрманов көшесінің тұрғыны Нұрлыбек Садиховтан жұмысын барысын сұраған едік.
-Су тілсіз - жау дегендей бұл да құдайдың сынағы болар.Қазіргі ахуалға байланысты ауылдың үлкені де,кішісі де бәріміз кешеден бері өзектің жағасын бекітуге бар күш жігерімізді салып жатырмыз.Қосымша техникада бар.Шамамен 100метр жерге 500 қапшық керек етеді.Ал өзектің ұзындығы екі жағын есептей келгенде 4км болады. Міне, күні -түні осы жұмысқа жұмылып жатқан жастардың еңбегі ұшан-теңіз.Ендеше, барлық еліміз бірлікте болып, осындай сын сәтте бір жағадан,бір жеңнен қол шығарғанымыз абзалырақ, - дейді ол.
Сондай-ақ, жұмысқа округ әкімшілігі тарапынан техникалар да жұмылдырылуда
Бұл жұмыстар ертеңгі жексенбі күні де жалғасын табады. Осылайша, ауылдың барша тұрғындары мен жастары өр суынан қорғану үшін бір кісідей ұйымшылдықпен белсенділік танытуда.
Аяпберген Салихов