Тұщықұдықтық жастардың тың жобасы

 

Бүгінде мемлекет саясатының басты басымдықтарының бірі – өңірлерді дамыту. Елдің экономикалық қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы ең алдымен ауыл-аймақтың өркендеуіне байланысты екені белгілі. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өңірлерді өркендету – елді дамытудың берік негізі. Жергілікті кәсіп бастаймын деген әр азаматқа мемлекет жан-жақты қолдау көрсетуі тиіс»,-деп атап көрсеткен болатын. Президенттің осы сөзі ауыл жастарына жаңа серпін беріп, кәсіп ашуға деген ынтасын арттырды. Ауданымызда да бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Аудандық Мансап орталығы филиалының басшысы Бақытгүл Талғатқызының айтуынша, жылына екі рет ұйымдастырылатын «Бастау Бизнес» жобасы арқылы инновациялық идеяларын іске асырғысы келетін азаматтарға қайтарымсыз грант алу мүмкіндігі жасалған. Ол үшін «Enbek.kz» платформасы арқылы онлайн оқу курсынан өтіп, бизнес-жобасын арнайы комиссия алдында қорғау жеткілікті. Бұл бағдарлама әсіресе әлеуметтік санаттағы жандарға өз ісін бастауға жол ашып отыр. Сол жандардың қатарынан көрінген тұщықұдықтық азаматтар Нұрбол Шайхиев пен Балтабай Жұмағалиев өз туған өлкесінде жаңа кәсіптің бастамасын қолға алып, жұмысын сәтті бастап кетті.

Қалалық жерде тәжірибе жинап, құрылыс саласында еңбек еткен қос азамат уақыт өте келе өздерінің кәсібін туған жерінде өркендету қажеттігін түсінеді. Бұған оларды итермелеген басты себеп – құрылыс материалдарының қолжетімсіздігі мен артық шығындар. Әсіресе үйлердің сыртын қаптауда қолданылатын полифасад материалын табу үшін талай әуре-сарсаңға түсуге тура келген. Осыны саралай келе, олар ауданымызда бұрын-соңды болмаған тың бастамаға тәуекел етті – полифасад цехын ашты. Бұл өнім бір мезгілде үйдің сыртқы сәнін келтіріп қана қоймай, жылу оқшаулау қызметін де атқарады. Бұған дейін қала кезіп, іздеп жүріп әрең табылатын құрылыс өнімі енді ауданымыздан шығатын мүмкіндікке ие болды. Біз осы орайда жаңадан ашылған цехтің қызу жұмысымен танысып қайттық. 

 

 

Атырау-Астрахань тас жолының бойында орналасқан бұл кәсіптің ашылғанына аз уақыт болса да қаз қатар тізбектелген өнімдерді көріп жұмыстың қарқынды жүріп жатқанын байқадық. Цехта небәрі 3 адам жұмыс жасаса да, нағыз еңбекқорлықтың озық үлгісін көрсетіп отыр  деп есептеуге болады. Жалпы кәсіптің бас-тамасында Нұрбол Чапайұлының зайыбы, көп балалы ана Гүлмира Қабдрахманованың септігі ерекше. Ол мемлекет ұсынған 1 572 800 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты жеңіп алып, «Оюлап пішіндеп кесетін аппаратын» сатып алу арқылы жобаның іске асуына үлкен үлес қосты. Қайтарымсыз грантты тиімді пайдаланған Гүлмира бүгінгі таңда осы кәсіптің менеджері ретінде жауапты маман болып еңбек етіп жүр. Осылайша, отбасылық пен достық кәсіпті дәріптеудің озық үлгісін көрсетіп отырған жандар десек артық айтқанымыз емес.

- Бұл кәсіпті бастамастан бұрын құрылыс саласында 15 жыл, ал дәл осы полифасад қаптау жұмысында 5 жылдай тер төктік. Ең алғашқы қаптау жұмыстарымен айналысып жүрген сәтте жиі кездесетін мәселе – материалдардың жетіспеушілігі еді. Ол өз кезегінде қосымша қаражат шығынымен қатар, уақыт шығынына да себеп болатын. Осындай қиындықтар мен өзіміздің жинаған тәжірибемізді ескере отырып, осы кәсіпті бастауға шешім қабылдадық. Алдағы уақытта кәсіп тынысын кеңейтіп, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыс көзімен қамту ойымызда бар,-дейді кәсіпкер Нұрбол Чапайұлы.

Полифасад өнімдерін өндіру мен қаптау жұмыстарын озық меңгерген Балтабай Көшкінбайұлы ғимараттың қасбетін әрлеуден бөлек жылу мен дыбыстан қорғайтын көп қабатты панельдің жасалу жолының өзі бірнеше кезеңнен тұратынын жеткізді. 

– Алдымен арнайы «оюлап пішіндеп кесетін аппарат» арқылы панельдің өлшемі мен пішініне сәйкес қалып дайындалады. Одан кейін дайын қалыптарға қоспа құйылып, қатырылып шығарылады. Осы тәсілмен тек қабырғаға арналған емес, сонымен бірге үйдің іргетасына, терезе мен есік жақтауларына, тіпті ерекше дизайндағы сәндік бұрыштарға да түрлі өлшемдегі қаптау материалдарын өндіреміз. Әр өнімнің өзіне тән қалыбы бар, сондықтан мұнда ұқыптылық пен төзімділік айрықша қажет. Бұл – тек кәсіп емес, біз үшін сүйікті іс,-дейді цех құрылтайшыларының бірі Балтабай Жұмағалиев.

 

 

Оның айтуынша, жаңа технология арқылы жасалған материалдардың артықшылығы – жеңіл әрі сапалы болуында. Жылу оқшаулау қасиеті жоғары полифасад қаптамасы қыс мезгілінде үйді суықтан сақтаса, жазда ыстықты өткізбейді. Сонымен қатар өнімнің ұзақ мерзімге шыдамдылығы да тұтынушылар үшін үлкен тиімділік.

Жеке кәсіптеріне «Табыс Строй» деген атау берген ерекше кәсіп иелері ашылғандарына небәрі 15 күн болса да алғашқы тапсырыстарын қабылдап, өнімдерін өндіруді бастап кеткен. Өз қолымен кәсіп құрып, өзі қызмет етуден тайынбаған азаматтар алдағы уақытта өрнек тас (брусчатка) шығаруды қолға алып, өндірісті кеңейту жоспарымен бөлісті.

Халық арасында «елде бардың ерінге тиері бар» деген сөз тегін айтылмаған. Расымен де, бұрын тек қалаға барып әрең табылатын құрылыс материалдарының енді өз ауданымыздан шығуы – халық үшін үлкен жеңілдік. Бұған дейін үйін әрлеп, сыртын қаптағысы келген жұртшылық полифасад секілді өнімді сырттан тасуға мәжбүр болатын. Ал қазір жергілікті жерде цех ашылып, сапалы материал қолжетімді болып отыр.

– Соңғы жылдары үй салып, сыртын әрлеуге келгенде біраз қиналатынбыз. Қалаға барып материал тасу, оның үстіне қымбат бағасы – үлкен мәселе еді. Ал қазір өз ауданымыздан осындай цех ашылғаны – біз үшін үлкен қуаныш. Біріншіден, уақыт пен қаржы үнемделеді, екіншіден, жергілікті кәсіпті қолдау – өзімізге пайда. Ертеңгі күні бұл өнімге сұраныс артып, ауданымыздың аты да шығады деп сенемін,- деді ауыл тұрғыны Бейбарыс Қамбар.

Жаңадан іске қосылған полифасад цехы – аудан үшін тек өндіріс ошағы ғана емес, сонымен бірге өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін жоба. Мұнда дайындалған өнімдер тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, құрылыс саласының дамуына да жол ашады. Ең бастысы, жергілікті жерде ашылған мұндай кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын ұсынып, жастарға еңбек етуге, тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Мемлекет қолдауын тиімді пайдаланып, туған жерінде өз кәсібін өркендеткен азаматтардың бұл бастамасы – ауылда да табыс табуға, сапалы өндіріс жасауға болатынын дәлелдейді. Осы орайда «Өңірді дамыту – елді дамытудың берік негізі» деген Мемлекет басшысының сөзі нақты іс жүзінде жүзеге асып отырғанын көреміз.  

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT