Тұщықұдықтықтар «Таза Қазақстан» акциясы аясында тал екті

 

Бүгін Тұщықұдық ауылының тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен тал егу сенбілігіне біркісідей жұмылып, белсенділік танытты.

 

 

Игі шараға ауыл әкімі Айбатыр Бекішұлы бастаған ұжым, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, ардагерлер мен кәсіпкерлер және ерікті ауыл тұрғындары қатысып, ауызбірлікпен табиғатты көркейтуге өз үлестерін қосты. Көктемгі сіркіреп жауған жауынға қарамастан, қатысушылар белсенділікпен жұмысқа кірісіп, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін іс жүзінде көрсетті. Бұл күн Тұщықұдық халқы үшін тек тал отырғызу науқаны ғана емес, табиғатты аялауға үндеген тағылымды тәрбие, ұрпаққа үлгі боларлық шараға айналды.

 

 

Ауыл әкімі Айбатыр Бекішұлы акцияның маңыздылығына тоқталып, сенбілік аясында 400-ден астам ағаш көшеті егілгенін атап өтті.

 

 

– Бүгінгі «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізілген сенбіліктің маңызы зор. Табиғатты аялау – әр азаматтың парызы. Біз бүгін тек ағаш отырғызып қоймай, ұрпаққа үлгі болатын іс жасаудамыз. Әрбір егілген көшет – ертеңгі күнге аманат. Бұл жұмыстармен шектелмей, егілген ағаштарға күтім жасап, оларды өсіру де біздің ортақ міндетіміз,-деді Айбатыр Бекішұлы.

 

 

Айта кетейік, көшеттер негізінен елді мекендегі мектептер мен мәдениет үйі аумағына, саябақтар мен өзге де қоғамдық орындар маңына отырғызылды. Ауыл ардагерлері әрбір егілген талды ертеңгі ұрпаққа қалдырылған аманат ретінде бағалап, жастарды табиғатты қорғауға үндеді.

 

 

Бұл сенбілік — жай ғана бір күндік шара емес, ел болашағына деген жанашырлықтың айқын көрінісі. Қатысушылар көктемгі жауын астында бір-біріне қолғабыс беріп, таза ауамен тыныстап, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Бірлігі бекем елдің тірлігі де берекелі болары сөзсіз.

 


Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT