Цифрлық активтер – тұрақты дамудың тірегі

 

Президенттің Жолдауында айтылған маңызды бастамалардың бірі – Ұлттық банктің инвестициялық корпорациясы негізінде Цифрлық активтердің мемлекеттік қорын құру. Бұл жаңа құрылым Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар қадам болмақ. Қордың басты мақсаты – жаңа цифрлық қаржы жүйесінде болашағы зор активтерді жинақтап, сенімді крипторезерв қалыптастыру. Мұндай қадам тек қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің экономикалық қауіпсіздігін нығайтып, сыртқы күйзелістерге төтеп берудің тиімді тетігіне айналады.

Цифрлық активтер қоры – жаһандық үрдістермен үндес шешім. Бүгінде көптеген алдыңғы қатарлы мемлекеттер криптоэкономикаға ден қойып, цифрлық активтерді стратегиялық ресурс ретінде қарастыруда. Қазақстан да осы бағытта өз қадамын нақтылап, қаржы саясатын заман талабына сай бейімдеуде. Бұл – елдің инновациялық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа инвестициялық ағымдарды тартуға да жол ашады.

Сонымен бірге, цифрлық активтер қоры ұлттық экономиканың тұрақты дамуына қосымша серпін береді. Ол отандық қаржы нарығын халықаралық жүйеге жақындатып, Қазақстанның жаһандық қаржы картасындағы беделін күшейтеді. Жаңа құралдарды пайдалану арқылы мемлекет бюджет кірістерін әртараптандырып, экономиканың ашықтығын арттырады.

Ең бастысы, мұндай бастама еліміздің жас ұрпағына болашақтағы жаңа кәсіптер мен мамандықтарға жол ашады. Цифрлық қаржы саласында білікті кадрлар даярлау, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру – Қазақстанның әлемдік қаржы орталығына айналуына ықпал ететін маңызды алғышарт.

Демек, Цифрлық активтердің мемлекеттік қоры – уақыт талабынан туған стратегиялық шешім. Ол Қазақстанның қаржы жүйесін жаңа деңгейге көтеріп, ұлттық экономиканың жаһандық цифрлық кеңістікте орнығуына негіз болады.

 

Рафиғат ТАЖИДЕНОВА,
Қамысқала ауылдық округінің әкімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT