Цифрлық теңгенің енгізілуі Қазақстан экономикасы үшін үлкен стратегиялық маңызға ие. Бұл бастама қаржы жүйесін заманауи талаптарға сай жаңғыртуға, есеп айырысу мен төлем жүйелерін цифрландыру арқылы тиімділікті арттыруға жол ашады. Цифрлық теңгені республикалық және жергілікті бюджеттерде, сондай-ақ мемлекеттік холдингтердің қаржы жүйесінде пайдалану — қаражат қозғалысын нақты әрі жедел бақылауға, бюджет қаражатының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл мемлекеттік қаржыны басқару үдерісін жеңілдетіп қана қоймай, қаржылық тәртіпті нығайтады және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
Сонымен қатар, цифрлық теңге қаржы айналымының тиімділігін арттырып, транзакция шығындарын қысқартады. Бұл бизнес пен азаматтар үшін төлем жүйелерін пайдалануда ыңғайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырады. Қаржы операцияларының жылдам әрі сенімді орындалуы экономикалық белсенділікті ынталандырып, ішкі нарықтағы ақша айналымының тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Қазіргі заманда криптоактивтер мен блокчейн технологияларын дамыту ерекше маңызға ие болып отыр. Олар инновациялық қаржы құралдары ретінде әлемдік нарықта өз орнын табуда. Қазақстан үшін де бұл бағыттағы бастамалар экономиканың жаңа цифрлық инфрақұрылымын қалыптастыруға және халықаралық қаржы кеңістігінде бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты, цифрлық теңге мен криптоактивтерді дамытуға бағытталған шаралар еліміздің экономикалық саясатының маңызды бөлігіне айналуда. Бұл тек қаржы саласын ғана емес, жалпы экономиканың сандық трансформациясын жеделдетеді. Нәтижесінде Қазақстанда инновациялық, ашық және тиімді цифрлық экономика қалыптасып, елдің әлемдік қаржы жүйесіндегі орны нығая түседі.
Ерболат МАХАШОВ,
Аққыстау ауылдық округінің әкімі
 
                                    
             
     
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						

