Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі гарнизонының жеке құрамымен аудан тұрғындарына өз өмірі мен баспанасын өрттен қорғау шараларын түсіндіру жұмыстары кезекті рет арнайы үйлеріне барып жүргізілуде.
Статистикадан көрініс беретініндей, жылыту маусымы кезіндегі өрттің басым бөлігі тұрғын үй секторында орын алады. Сондықтан ауылдастардың үй-жайларын күзгі-қысқы өрт қауіпті кезеңге дайындау бойынша кеңес беру мақсатында өрттің, адам өлімінің алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар осылай ұйымдастырылып, өткізілуде. Бұл маусымдық шаралар көпшілік адамдарға жылыту маусымының қарсаңында баспаналарын қалыпқа келтіру, жылыту пештерін, газ жабдықтарын, электр сымдарын жөндеу жұмыстарын жүргізуге ықпал етеді.
Жылыту маусымы басталғаннан бергі кезеңде бөлім қызметкерлері жеке тұрғын үй секторын аралауды жалғастыруда. Аулаларды аралау кезінде азаматтарға өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтау әр тұрғынның өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігінің кепілі екені мұқият ескертіліп отыр.
Жалпы, жылыту пештерімен жабдықталған тұрғын үйлердің иелеріне және тұрғындарына жылыту маусымы басталмас бұрын пештерді орнату және қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға баса назар аудару қажет. Пештің, түтіндіктің жарамдылығын тексеріп, жарықтарды сазды-құмды ерітіндімен майлап, төбедегі түтін мұржасын әктеу керек. Кемінде үш айда бір рет пештің түтіндігін ыстан тазартып тұрған абзал. Пешке жақын жерде, оның маңында жанғыш заттарды сақтауға, киімдерді кептіруге мүлдем болмайды. Сондай-ақ, ақауы бар электр сымдары мен кабельдерін, розеткаларды және басқа да электр қондырғыларын қолдануға тыйым салынады.
Міне, жылыту маусымы да басталып, өтіп жатыр. Барша аудан тұрғындары мен қонақтарын жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз.
Дидар АХМЕТҚАЛИЕВ,
аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау майоры

