Бүгін Исатай ауданының жүрегі саналатын «Тәуелсіздік» алаңында ерекше рух пен елдік сезімге толы сәт орнады. Көк аспанмен астасқан Мемлекеттік Ту желбіреп, Әнұран әуенімен бірге ел жүрегінде мақтаныш оты маздады. Бұл – 25 қазан – Республика күніне арналған салтанатты рәсім еді.

Мемлекеттік Ту көтерілген сәтте алаңға жиналған жұртшылықтың жүзінен елге деген сүйіспеншілік пен айрықша толқу сезілді. Көк байрақ — халқымыздың азаттығы мен айбынының белгісі. Осы сәттің салмағын сезінген әр жүрек туған елінің тәуелсіздігіне деген шексіз құрметін іштей ұғынды.

Салтанатты шарада аудан әкімі Нұрым Мусин мен аудандық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Едіге Досқалиев ел тұрғындарын Ұлттық мерекемен құттықтап, Тәуелсіздік туы әрқашан биік желбіреп, ел іргесі берік болуын тіледі.
– Республика күні – мемлекетіміздің тарихындағы ең қастерлі күндердің бірі. Бұл – елдің еркіндігі мен еңсесін айқындайтын мереке. Әрқайсымыз осы күннің мәнін жүрегімізде сезінуіміз керек, – деді аудан әкімі өз сөзінде.

Алаңға жиналған мемлекеттік қызметшілер мен мұнай саласының мамандары, ұстаздар мен дәрігерлер, полиция және әскери қызметкерлер, ардагерлер мен жастар – барлығы да ортақ мерекенің шаттығын бөлісті.

Мерекелік көңіл күйді одан әрі асқақтатқан – мектеп оқушыларының биі мен жүректен шыққан өлең жолдары болды. Ал аудан өнерпаздары елдік рухты дәріптеген концерттік бағдарлама ұсынып, жұртшылыққа ерекше әсер сыйлады.

Көк Ту көкке көтерілген бүгінгі күн – елдіктің, бірліктің, және мәңгілік Тәуелсіздіктің символына айналды. Исатай аспанында желбіреген байрақ — ұлт мерейінің айғағы, ұрпақ жадында сақталатын жарқын сәт.

Е.ЗИНЕДЕНОВ


