Тәуелсіздік – тұғырлы тірегіміз

сурет ғаламтордан

 

Тәуелсіздік... «Егемен болмай ел болмас» деп ертеден жырлап келген қазақтың ең асыл мұраты осындай еңселі ел болу еді ғой. Тарихқа тамыршыдай үңілген ғалымдарымыздың кейбір деректерінде әрідегі замандарды айтпағанда, тек берідегі соңғы екі ғасырдың ішінде қазақ халқының өз бостандығы жолында екі жүзден астам ұлт-азаттық көтеріліске шыққаны айтылады. Ал оның қаншама асылдарымыздың өмірін қиып, қанын төккенін тап басып айту мүмкін болмас.

Осының өзінен-ақ тәу етер Тәуелсіздігіміздің қаншалықты қымбат, қаншалықты қасиетті, қаншалықты қадірлі екенін екшей білуге болғандай. Яғни, бүгінгі біз нұрына малынып, шуағына шомылып отырған Тәуелсіздік, осыдан 34 жыл бұрын атқан қазақ жеріндегі тәуелсіздік таңы – Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан даланы қанымен, терімен суарған ата-бабаларымыздың қасиетті күресінің заңды жемісі, нақты нәтижесі. Біз осылайша жиырма бірінші ғасырға тәуелсіз мемлекет болып қадам жасадық.

Жалпы, ғалымдарымыз қазақ мемлекеттілігінің тарихи тамыры тереңде жатқанын жазады.

«Ежелгі ғұн заманында Орда институты қалыптасып, көшпелі қоғамның спецификалық мемлекеттілігінің формасына айналды. Қол жеткізген тәуелсіздік қолымызға оңай түскен жоқ. Еліміздің басынан небір қиыншылықтар, небір қан кешкен соғыстар болып өтті. Еліміздің тұтастығы мен тыныштығын сақтауға батырлар мен қарапайым халық өз жандарын пида етті. Біздің ата-бабаларымыз ықылым замандардан бермен қарай осы ұлан-байтақ жерді мекен етті. Қаншама жаулап алушы мемлекеттер биліктерін жүргізбек болды. Олармен азаттық жолындағы күрестер бір сәт толастаған жоқ. Тәуелсіздік жолында қазақ халқы қайталанбас ерліктің үлгілерін көрсетті. Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп, дербес мемлекет атанған қазақ халқы қаншама қиындықтарға жолықса да, тастай берік төзімділіктің арқасында жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты. Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекен жеріміз, отарлық жоя алмаған тіліміз, мәдениетіміз тек қана қазақтың рухының күштілігімен сақталды» дейді философия докторы Дәулет Омаров.      

Еуразия кеңістігінде орналасқан Қазақстан қазіргі таңда бейбітшілік пен тұрақтылықты ту еткен, әлемнің қандай елімен болсын саяси-экономикалық серіктес ретінде өзінің орнын мығымдап, қандай жағдайда да терезесін тең ұстай алатын дәрежеге жетті. Бүгінде қазақ елі жер-жаһанға татулық пен берекенің, бейбітшіліктің ордасы ретінде танылуда. Азаттықты аңсап, тәуелсіздікті, теңдікті, елдікті көксеген қазақ халқы ғасырлар бойы бақытты ел болуға талпынды. Сан жылдық аласапыран шайқас, күрес, қақтығыстардан арылып, татулықтың туы желбіреген бейбіт ел болуды армандады. Соның бәрін артқа тастап, тәуелсіздігінің таңы атқан еліміз бүгінде бейбітшілік бесігінде тербеліп отыр десек артық айтқандық емес. Көптеген елдерде ұлтаралық, дінаралық қақтығыстар толас-тамай тұрғанда біздің береке-бірлігіміз өзгеге үлгі болатындай. Тәуелсіздіктің арқасында халқымыз өзінің терең тарихын, рухани құндылықтары мен мұраларын қалпына келтіруде. 

Өзгермес бір заңдылық бар. Халық, ел, ұлт, мемлекет болып қалыптасу үшін ең қажетті алғышарттардың бірегейі ‒ оның егемендігі, өзге жұрттан тәуелсіз даралығы, халқының бостандығы. Егемен ел болуды арман еткен ата-бабаларымыз азаттық деп алысудан танбаған қазақтың тарихынан сыр шерте отырып, ұрпаққа деген бірлік, елдік, ерлік жайлы насихатын қашанда қалтарыста қалдырған емес.

Ендеше, жоғарыда келтіре кеткеніміздей, еліміздің сан қилы тарих қатпарларындағы қанды қырғын мен небір зұлмат соғыстар, түрлі шайқастар мен қантөгістер, небір боздақтардың жаны қиылған оқиғалар бір ғана мақсатты, бір ғана мүддені көздегенін көреміз. Ақыры кешегі «желтоқсанның мұздағы алауының» қызуы елдің үмітін жағып, қазағым өз тәуелсіздігін еншіледі.

Қазақ «Бірлік болмай – тірлік болмас» дейді. Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі болған. Ол бұрынғы замандарда керек болған, бүгін де қажет. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел. Тарихымыздан белгілі, қазақ жеріне әр кезеңдерде түрлі жағдайларға байланысты жеткен әртүрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанды. Ешкімді жат көрмей, бауырына басқан қазақтың кеңдігі мен қамқорлығы олардың осы топырақта қоныстанып қалуына мұрындық болған да жайы бар. Қазір олардың ұрпақтарының туған жері де, Отаны да – біздің Қазақстан, Қазақстан Республикасы. Ешкімді ұлтына қарап бөле-жармайтын елімізде әрбір қазақстандық отбасының өсіп-өнуіне толық жағдай жасалған, бірдей мүмкіндік берілген.

«Біздің ұлтаралық келісім сая-сатымыз әлемді мойындатты. Халқымыздың осындай ырыс-ынтымаққа негізделген жарасымын бағалай білуіміз керек. Бұл – кемел келешекке бастайтын бірден-бір дұрыс жол. Сондықтан, ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның және әрбір азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей жауаптымыз...» деген Президентіміздің сөзі қазір қайталай ойға оралады. Қалай дегенде де біздің ынтымақты бірлігіміз тұғырлы Тәуелсіздігіміздің ғұмырлы болуын нықтай түсеріне сөз жоқ. Бәріміз есте ұстар бір ақиқат - осы.

Тәуелсіздіктің тағы бір тірегі – отансүйгіштік рух. Отансүйгіштік рух ­– қазақ елінің әлемдік өркениетті елдер көшіне қосылып, дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орын алуына мүмкіндік беретін бірден-бір күш. Қазақ халқының ұлтжандылығы, отансүйгіштігі ежелгі замандардан қалыптасқан. Қазақтың анасы өз ұрпағының жауға шабар батыр, елін сүйетін, жерін қорғайтын, табиғатын аялайтын, үлкенін қадірлейтін, кішісіне қамқорлық танытатын, саналы азамат болып қалыптасуы үшін жасынан тәрбиелеген. Біздің сөзімізге қазақтың қисса, жыр-дастандары, мақал-мәтелдері, шешендік сөздері дәлел. Қазақстандық патриотизм – Отан-анаға деген сүйіспеншілікпен азаматтық ерлік, өнеге көрсетушілік, бойдағы білім мен білікті, ақыл-парасатты ел игілігіне жұмсау, атамекен мүддесіне арнаумен анықталады.

Өз елінің өткенін, тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін құрметтей білу де осы қазақстандық патриотизм ұғымының құрамын білдіреді. Бүгінгі егеменді Қазақстанның жағдайында патриотизм, ұлтаралық татулық жаңа мағынаға ие. Себебі Қазақстанды Отаным деп білетін әрбір Қазақстан азаматының Қазақстанын сүйіп, соның азаматы болуы, елді, жерді қорғауға, мемлекетіміздің дамуына, өркендеуіне өз үлесін қосуы – мерейлі міндеті. Бірлігі бекем елдің болашағы жарқын, келешегі кемел болмақ. Тұғырлы тірегіміз Тәуелсіздік ғұмырлы болғай. Оның бағасын біліп, жарқын болашаққа қарай ұмтылуға күш салсақ, абзалы сол.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT