ТУҒАН ТОПЫРАҚҚА ТАМҒАН ЖАС

2004 жылдың жазы болатын. Қазақтың күй өнеріндегі салқам серісі, жерлесіміз Әзидолла Есқалиевтың жетпіс жасқа толуына орай, Тұщықұдық ауылында кездесу өтеді деген хабар жан-жаққа тарап жатты. Түс ауа әйгілі күйші мінген жеңіл автокөлік ауыл орталығындағы Ж. Мырзағалиев атындағы орта мектептің алдына келіп тоқтады. Жанында кілең ығайлар мен сығайларға баланған атыраулық өнерлі ағалар - Нарынның наркескен ақыны Нұралы Әжіғалиев, жезтаңдай әнші Нариман Үлкенбайұлы, күй құдіретін терең ұғынған күйші-сазгер Ғатау Ібішовтер...

Қара домбыраның сыңғырлы үніне бөленген кеш жан тебіреніспен өтіп жатты. Сахна төрі – киелі орын. Ақ костюм киген сахна қонағы сыпалылығымен көпшілік көңілін өзіне аударып алған. Кенет, концерт жүргізуші қыз « Әз-аға, қырда өткен балалығыңыз, үлкен өнерге деген алғашқы қадамыңыз туралы ой қозғасаңыз» деген сауал тастады. 
Тарлан талант иесі ұзақ үнсіздікке берілді. Біраз ойлана келіп, жайменен сөз бастады.

- Құм Нарынның Дыңқызыл, Үштаған, Айбас елді мекендерін қоныс қылған әкем Есқали мен анам Сағиданың құрсағынан өмірге он екі ұл келген көрінеді. Көпшілігі түрлі себептермен жастай өмірден озып, Әліп, Әлімғали және кенже ұл маған ғана тіршілікте өмір сүру бақыты жазылыпты.
Халық көрген замана қайшылықтарын, ақ таңдақтарды біздің әулет те бастан кешті. Бала күнім болса да, төрт түлік малымызды кәмпескілеуге келген орыс жігіттерінің әкеме қатты жекіргені есімде қалыпты. Қаншама қысым көргенімен әкем қара домбырасын шертіп, шежірелі әңгімелерін төгілдіртіп, әулетіміздің шат-шадыман қалпын жоғалтпауға тырысты. Кейінгілер «Аппақ ата» деп атап кеткен үлкен ағам Әліп есеп саласының өте сауатты маманы болуымен қатар, сол замананың сал-серілеріне лайық ғұмыр кешкен сауықшыл жан еді.

Әкелі-балалы екеуінің әңгімесі мен өнерін тыңдауға аяқ жеткен жердегі туыстар мен сыйластар күн құрғатпай ағылып келіп жататын. Соңғы жылдары Алматы жағында көп жүретін Дина күйші әжейдің қонаққа келген әр сапары біз үшін үлкен мерей еді. Бірде төрде отырып күй шерткенінде, мен ол кісінің домбыра шертісіне қызыққан болсам керек, жанына жақындап кетіппін.

- Есқали, мына балаңның бойында өнерге деген ұмтылыс, маздағалы тұрған от бар ғой, шайдан соң маған жолықтыршы, - деді.

Дина әжем сөзіне тұрып, кішкентай бала менің оңды-солды шертпелерімді жалықпастан тыңдады. Арасында басын изеп, разы қалыпқа енгендігі анық байқалады.

- Әліп-ау, мына ініңнің шанақты бойлай қолды сермей соғысы, саусақтарының перне бойларымен еркін жылжуы мені сүйсіндіріп отыр. Бағын жандыру сенің қолыңда, домбырасын қолынан түсірме. Менің «Әсем қоңырымды» үйретші осы балаға, -деп ақтарыла сөйледі.
Күй алыбынан бата алғаннан соң, домбыра менің жан серігіме айнала берді..
Алғашқы сыналған сахна төрім көршілердің алдында күй тартуым болатын. Нағашы атам Тәзіке Адай Жанғалидың, көршілер – Беріш-Жайықтар Неталы, Құбақан, Қалилардың отбасылары мен күй тартқан сайын құлшына қолдау білдіретін...
Туған жерге келіп, жаны сүйсініп, көңілі марқайғандығы шығар, Әз-ағаң домбырасын күйге келтірді. Осы топырақта мәңгіге дамылдаған Сағида анасы рухына арнап Құрманғазының «Аман бол, шешем, аман бол» күйін шерте жөнелді.
Күй орталанған тұста көрермендерге көз салып еді, өнер сүйер қауым ақылдасып алғандай демдерін іштеріне тарта ұйысып қалыпты. «Күй десе, қанаттанып кететін, қайран нарындықтар-ай!» деген бір шөкім ой кеудесіне тығылды.
Күй аяқталып, тынысын кең ала бастағаны сол еді, залдың алдыңғы бөлігінде отырған дос пейілді інісі Жанай Беркалиев орнынан көтеріліп: «Әз-аға, жерлестеріңізге «Балқаймақтың» дәмін бір таттырмағаныңыз жөн болмас» деген назын білдірді.
Қара домбыра қайтадан күмбір ете қалды. Шабытына мінген жігіт ағасы бабына түсіп, саз әуенінің жетегіне ерді. Тыңдасаң, көңіл тояттайтын домбыра үні тасасынан Әзидолланың құм Нарындағы балалығы, асқар Алатау баурайындағы ақжелең жылдары, Мәскеу сахнасындағы осы күйді ойнауы кезектесе өтіп жатқандай ...
Одан кейін Құрманғазының «Серпері» мен «Балбырауыны», Дина ұстазының «Жігер», «Өттің дәурен», Дәулеткерейдің «Қос ішек» күйлері шалқыды...
Қонақкәде сөзі тағы да өзіне берілді. Күй өнерінде алдына жан салмас, бойында міні жоқ тұлпары болғанымен, әуелден-ақ сөйлеуге келгенде тартыншақтай беретін қалпымен сөз бастады. Бірақ, бұрынғыдай емес, осы жолы кеудесіне бір тылсым дүниелер кептеліп тұрған сияқты ...
-Жас ұлғайған сайын, туған жерге деген сағыныш арта түсуде. Фариза қарындасым туған жерді көп жырлап жатады. Сол шумақтар атамекенге деген ыстық ықыластан, бүгінгідей сағыныш түйткілдерінен туады екен-ау! Мен дүниеге келетін жылдары әкелерім мекен еткен Дыңқызылдың, «Қосан қоңырлығының» маңы құрылымдық сипатта Құрманғазы ауданына қарауына орай, мені көбі сол кездегі Теңіз ауданында туған деп есептейді. Қазақ иісті ұрпақ қайда туса да, сайын даласының перзенті ғой. Жүрегімді сөйлетіп айтсам, мен осы Тұщықұдық елінің перзентімін ...
Менің Тұщықұдығым – өнердің кеніші аталған өлке. Осы өлкеде туған үш ағамды қашан да биік тұғырға балап өстім. Олар - Құрманғазы атындағы ұлттық оркестрде өнер көрсеткен Хисмет Меңдіғалиев, әуесқой сазгер, күйші Шәмшиден Шәріпов  және Нарын топырағының күй өнеріндегі жүйрік жорғасы Ғибатолла Мәсәлімов ағаларым.
Менің артымнан ерген күйшілер шоғырына көз салсам, жаным сүйсінеді. Сағын Жалмышев, Өтеген Марданов, Тілеш Бәделов, Самат Мәдиев, Қаршыға Ахмедияров, Нариман Үлкенбайұлы, Ғатау Ібішов, Өтеміс Ідіркенов, Байболат Ғилажев және Айгүл Үлкенбаева бастаған бір шоғыр жас күйшілер керуені...
Алдарыңа жетпіс жасты арқалаған аға болып келіп, туған жердің адамдарының маған деген, өнеріме деген пейіліне тояттап, осы ауылдың көшелерін күндіз-түні тынымсыз шарлаған жиырма бестегі жорға мінген жігіттей болып аттанып барамын. Туған өлкеде ақтарыла көрісер күндеріміз көп болғай!
Тарлан талант орнынан көтеріліп, көпшілікке арнап қол соғып тұрғанында оның жанарынан жас тамшылары қылаң берді...
Атамекенге деген ынтық сезімнің көз жасы ...

 

Сайпеден СИДАҒАЛИЕВ,
Қазақстан Жазушылар  одағының мүшесі, 
        ҚР  Мәдениет саласының үздігі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT