Туған жерін сүйіп, оның тарихи мұраларын танып өсуде жас ұрпаққа бағыт-бағдар сілтеп, танымын кеңейтетін, хабардарлығын арттыратын кітап атаулының орны бір бөлек. Осы тұрғыдан алғанда аудандық орталық кітапханада тұсаукесер рәсімі өткізілген «Киелі мекен – құм Нарын» аталатын еңбек те ерекше бағалауға тұрарлық дүние. Кітап авторы - тарихшы-өлкетанушы Мүтиғолла Насиханов.
-Тарихи-танымдық жазбалардың басын біріктірген кітаптың өзегі – кім-кімді де бейжай қалдырмас тарихи тақырып. Әрине, қарт Каспий мен құм Нарынның арасын аралап, қалам тартқандар аз емес. Десек те, осы өңірдің табиғаты мен жер бедерін баяндауға тұрғындарының кешегі-бүгінгі тұрмыс-тіршілігі де кіріктіріліп, бояуы қаныға түскен жазбалар сонысымен де ерекшеленеді. Өзі де сол Нарында туып, бала шақта желкегін жеп, жуасын теріп, жусанын иіскеп өскен автор: «... көнекөз қариялармен сырласып, ғылыми әдебиеттер мен баспасөз материалдарын парақтап, осы құм тарихы туралы бар білгеніміз бен жиған-тергенімізді келешек ұрпаққа мирас ету мақсатында қолға қалам алдым. Әрине, бәрін түгел қамту, жазып-баяндау қиындау болса да, осы жинақты құрастырып, жүйелеу барысында аталған аймақтың табиғи ерекшеліктері мен елеулі оқиғалары туралы деректерді барынша нақты, толық беруге тырыстым...» дейді.
-Автордың алдына қойған осы мақсаты, діттеген ойы «Құт дарыған – құм Нарын» болып бастау алып, «Нарын» атауы қайдан шыққан?» деп жалғасып, «Жеті жұрт көшіп-қонған жер» деп зерделеп көрген жазбаларымен ұштаса түсіп, қайсыбірі бірнеше тақырыпшалардан тұратын жиырма алты жазбасының өн бойында көрініс береді,-деді шара барысында алғашқы болып сөз тізгінін ұстаған аталмыш кітапты баспаға әзірлеген журналист, ақын Жоламан Дәулетияр.
Бұдан кейін сөз алған журналист Мәди Өтеғалиев, ақын Адайбек Есекеш және басқалары да «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспасынан жақында ғана жарық көрген кітаптың оқырманына берер мағлұматының молдығына, жас ұрпақтың керегіне жарар танымдық тұстары көптігіне тоқталып, автордың ізденісті еңбегі алғысқа лайық екендігін баса айтты, алғашқы кітабы жарық көріп отырған қаламгерге шығармашылық қызметінің жалғасты болуын тілек етіп, арнау өлең де оқыды.
Өз кезегінде жаңа кітап туралы жақсы пікір қосқан аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрым Мусин Құттықтау хаттарын табыстап, қаламгердің иығына шапан жауып, ескерткіш сыйлық ұсынды.
Белгілі қаламгер, ауданның Құрметті азаматы Мұрат Бектенов пен еңбек ардагері Бекболат Мусин тұсауын кесу құрметін иеленген кітаптың алғашқы даналары автордың қалауымен аудандық, ауылдық кітапханаларға, сондай-ақ, аудан көлеміндегі барлық мектеп кітапханаларына берілді.
Күй ойналып, ән-жырдан шашу шашылған шара соңында сөз алған М.Насиханов жиналғандарға ризашылығын жеткізіп, алда да шығармашылық қызметтен қол үзбейтін ойымен бөлісті.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ