Туған жерге танымдық жорық

 

Бұдан біраз уақыт бұрын өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл санап артып, әлем халқының 970 миллионы волонтер болғаны, оның ішінде қазақстандықтардың әрбір сегізіншісі еріктілер қатарын толықтыруда екені жайлы деректі оқығанымыз бар. Тегін жұмыс істей отырып, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға үлес қосуға ұмтылатын адам – еріктілер ауданымызда да баршылық. Волонтерлік қызмет қағидаларына негізделген қызметті жүзеге асыруға үлес қосатын сондай жеке тұлғаның бірі - жалпы білім беретін Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі, аудандағы «Мирас» өлкетанушылар клубының мүшесі, ерікті Сағынғали Алтынай Тілекқызы болатын.

Қашанда ізденісті іс қылып, жаңалық атаулыны жатсынуды білмейтін ұстаз бұл қызметінде де алдыңғы лектен көрініп жүр десек болады. Оның биылғы жыл басындағы бір жетістігі де соған дәлел. -Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының Азаматтық орталығы «Демеу» конкурсын ұйымдастырды. Конкурс мақсаты – Атырау облысының әлеуметтік және қоғамдық пайдалы міндеттерді шешуге үлес қосқан волонтерлер мен волонтерлер топтарының жетістіктерін насихаттау, үздіктерді анықтау еді. Сол конкурсқа волонтер ретінде жобамды ұсынып, жеңімпаз атандым,-дейді Алтынай Тілекқызының өзі. Кезінде оның бұл жетістігі туралы, нәтижесінде демеушілік қаражатқа ие болғаны жайлы әлеуметтік желілерде жазылғаны да бар.  

Жуырда ол Birgemiz: Asyl Mura-бағыты бойынша «Мұраға сапар» тақырыбында жалпы білім беретін Жұмабай Мырзағалиев атындағы орта мектептің 7-8 сынып оқушыларына арналған тарихи-танымдық жорық ұйымдастырды. Бұл жобаның мақсаты - оқушылардың туған өлкесінің тарихи-мәдени мұрасын танып-білуін, олардың бойында ұлттық құндылықтарға құрметін және өлкетану дағдыларын дамыту, сондай-ақ, Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясының есебіне алынған тарихи-мәдени ескерткіштерді таныстыру бағытында ауданда құрылған «Мирас» өлкетанушылар клубымен бірлесіп жұмыс жасау болды. 

 

 

-Аталған танымдық жорық Хамит Ерғалиев ауылынан басталып, Исатай ауылына дейінгі аралықты қамтыды. Туған өлке тарихымен бірге аудан бойынша тарихи-мәдени ескерткіштерді таныстырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізген «Мирас» өлкетанушылар клубының мүшелері, өлкетанушылар Насиханов Мүтиғолла мен Өтеғалиев Мәди ағаларымыз болды. Олар жорыққа қатысушы оқушыларға ескерткіштердің әрбірі жөнінде жан-жақты мәліметтер келтіре айтып жеткізіп, сұрақтарын да жауапсыз қалдырмады. Жобаның жүзеге асуына жалпы білім беретін Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп ппен аудандық білім бөлімі тарапынан да қолдаулар болды,-дейді ерікті. 


Үш күнге созылған танымдық жорықтың нәтижесінде оқушылар туған өлкесінің тарихынан біраз мағлұматтарға қанығып, танып-білді десек болады. Өз балаларының туған өлкесі туралы ақпараттарды біліп, көзбен көргендеріне ата-аналары да қуанышты. Жорық барысында аталмыш мектепте туған өлкесіндегі тарихи орындардың тарихын білігісі келетін шәкірттердің аз емесін, олардың осы жолы да танымдық қабілеттері жетіле түскенін, өлкетанушылық қызығушылықтары да көрініс бергенін айтсақ болады.

Ерікті ретіндегі мұндай жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыра жүруді мақсат тұтатын ізденімпаз ұстазға толайым табыстар тіледік. 

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT