Тұрғындар қауіпсіздігі - басты мәселе

Жуырда Исатай ауданы әкімінің орынбасары Рашид Мұқановтың төрағалығымен аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында жиын өтті.

Оған Аққыстау, Тұщықұдық, Нарын және Исатай ауылдық округтерінің әкімдері, Аққыстау теміржол стансысының өкілі, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері және аудандық білім бөлімінің басшысы қатысты. Күн тәртібінде теміржол бойындағы қауіпсіздік мәселесі қаралды. Аудан әкімінің орынбасары алдымен осы жылы облыс көлемінде теміржол бекетінің бойында орын алған келеңсіз оқиғаларға тоқталып өтіп, мұндай жағдайларды аудан аумағында болдырмау мақсатында қажетті жұмыстардың атқарылу керектігін назарға салды.

_dsc0018

- Жылдың қай уақытында болмасын теміржол бекеті – қауіпті аймақ ретінде саналады. Ауданымыз бойынша теміржол бекеті 4 ауылдық округте бар. Біз үшін бірінші кезекте тұрғындардың қауіпсіздігі маңызды. Оның үстіне жаңа оқу жылы да таяп қалды. Осыған байланысты аудандық білім бөлімі жаңа оқу жылында теміржол бекеті бойындағы қауіпсіздікке байланысты оқушылармен түсінік жұмыстарын жүргізуі қажет. Дәл осындай түсінік жұмыстарын ауыл әкімдері де жергілікті тұрғындармен жиі өткізуді қолға алуы тиіс. Әлеуметтік желінің де мүмкіндіктерін осы мақсатқа орайлы пайдаланыңыздар. Аудандық «Нарын таңы» газетіне де әр округ өз тараптарынан теміржол бекеті бойындағы қауіпсіздікке қатысты мақалалар ұсынса, ол да қайғылы жағдайды болдырмауға өзіндік септігін тигізері сөзсіз. Әріптестер, бұл бағыттағы жұмыстар ешқандай ақсамауға тиіс, керісінше, жандануы керек. Сондықтан қолда бар мүмкіндіктің бәрін пайдаланып, тиісті шараларды жүзеге асыруымыз қажет, - деді Рашид Мұқанов.

_dsc0011

Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары жергілікті полиция қызметкерлері де бұл жұмыстарға баса назар аудару қажеттігін еске салды.

- Келеңсіз оқиғаларды болдырмау мақсатында сіздер де өз күштеріңізді жұмылдыруларыңыз қажет. Аудан аумағындағы теміржол өткелінің бірі Өркен ауылына қатынайтын бағытта орналасқан. Жасыратыны жоқ, сол маңдағы теміржолдан өткен көліктер «stop» белгісіне қарамастан, жүйткіп өтеді. Мұның да арты қайғылы жағдайға әкеліп соқпасына еш кепілдік жоқ. Сондықтан сол маңдағы көліктердің теміржол бекетінен жылдамдықты асырмаған күйі сақтықпен өтуін қадалағалауларыңыз қажет, - деді ол.

_dsc0017

Жиында қатысушылар тарапынан ұсыныс-пікірлерде айтылды. Мәселен, Исатай ауылдық округінің әкімі Аслан Ғұбаш «теміржол саласының мамандары жергілікті тұрғындармен өздері де арнайы кездесу ұйымдастырып, қауіпсіздік ережелері бойынша түсінік жұмыстарын арнайы кестеге сай жүргізіп отырса» деген ұсынысын айтса, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева да дәл солай «сала мамандары білім беру ұйымдарын да аралап, оқушыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндірсе» деген ұсынысын ортаға салды. Бөлім басшысының айтуынша, мұндай үрдіс бұрын-соңды болған. Тек карантин уақытында тоқтап қалған.

Әділбек СЫРЫМОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521