Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» аталған биылғы Жолдауында мемлекетіміздің болашағына қатысты алдымызға қойған маңызды міндеттердің қатарында еліміздің туристік әлеуетін арттыруға да басымдық берілді.
Әсіресе, Алматы өңірінің табиғи байлығы мен тау шаңғысы туризмі, еліміздің курорттары ерекше аталды. Осы ретте туризмді халықаралық деңгейде таныту үшін заманауи инфрақұрлым мен сапалы сервисті дамыту айтылды.
Мемлекет басшысының Жолдауына сай осы саланы дамытуға біздің аудан көлемінде де мүмкіндіктер бар деп есептеймін. Өйткені жеріміздің оңтүстігінде бақасы қойдай шулаған, балығы тайдай тулаған қарт Каспийдің бар екенін ескерсек, оған шетелдіктер мен өзіміздің жерлестерді катерлермен серуенге алып шығып, қармақпен балық, арнайы рұқсатпен аң аулатсақ, ниет білдірушілер табылар еді.
Сондай-ақ, Еуропаның ең үлкен құмы Нарынға да сапар шегіп, оның әсем табиғаты мен тарихи жерлерін көруге мүмкіндік жасасақ ұтылмасымыз анық. Тек осы істің тетігін білетін азаматтарға қолдау көрсетіліп, ол үшін қонақ үйлер, тамақтану орындары, жолдар салынса, жан-жақты жарнамалау жүзеге асса істің оңға басары сөзсіз. Алайда, әзірге мұның бәрі болашақтың шаруасы болып тұр.
Егер ауданымызда осы туризм саласын дамытуға мемлекет назарын аудартсақ, жұмыссыздық азайып, келушілер есебінен кәсіпкерлік дамып, бюджетіміздің бүйірін шығарар салық түсімі молаяр да еді.
Мүтиғолла НАСИХАНОВ,
мемлекттік қызметтің ардагері.
Тұщықұдық ауылы