Тұщықұдық ауылында спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған тағы бір маңызды жоба жүзеге асты. Ауылдағы Х.Дайырова көшесінде жалпы аумағы 800 шаршы метр болатын хоккей алаңы пайдалануға берілді. Бұл — аудан көлемінде алғаш рет ашылған хоккей алаңы.
Жаңа спорт нысаны ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне, қысқы спорт түрлерін дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға тың серпін бермек. Ауыл балалары мен жасөспірімдері үшін хоккеймен тұрақты айналысуға мүмкіндік туғаны — өңір спорты үшін үлкен жетістік.
Тұщықұдық ауылдық округі әкімдігінің мәліметіне сәйкес, құрылыс жұмыстарына 12 миллион 500 мың теңге қаражат жұмсалған.
— Хоккей алаңы ауданда алғаш рет ашылып отыр.Бұл — ауыл балалары мен жастары үшін үлкен мүмкіндік. Енді олар қысқы спорт түрімен жүйелі түрде айналысып, өз қабілеттерін дамытуға жағдай жасалды. 27–28 қаңтар күндері «Алтын шайба» шайбалы хоккейден әуесқой хоккей командалары арасында облыстық ашық турнир өтеді. Бұл жарыс ауыл спортының дамуына серпін беріп, жас спортшыларды ынталандырады деп сенеміз. Алдағы уақытта мұндай спорттық жобалар жалғасын табады,- дейді Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Арслан Амиров.
Алдағы уақытта бұл алаңда түрлі спорттық жарыстар, жаттығулар мен жастарға арналған іс-шаралар ұйымдастырылып, ауыл спортының дамуына жаңа мүмкіндік ашылмақ.
Ж.ИСЛАТ



