Тұщықұдық ауылында «Бала – өміріміздің жалғасы» атты аудандық семинар өтті

Тұщықұдық ауылдық округі әкімшілігі қолдауымен, ауылдық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен Н.Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінде «Балаөміріміздің жалғасы» атты аудандық семинар өтті. Шараны Аққыстау халық театры ұжымы «Ұялы телефонның бала психологиясына кері әсері» атты шағын сахналық қойылымымен ашты.

 Семинарға қатысушыларға сәттілік тілеген ауыл әкімі Айбатыр Бекішұлы жалпы ата-аналарға, соның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін балалардың ата-аналарына түсінік, көмек беретін семинардың өткізілу мақсатына тоқталды. Сонымен қатар семинарды Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің психологі Ақбөбек Мәлікқызы «ұялы телефон», «балалар», «ата-ана», «денсаулық» тақырыптарында көрермен арасында сұрақ қою арқылы диалог түрінде өткізді.

Әрі қарай семинарға арнайы шақырылған спикер мамандар сахна төріне шықты. Аудандық аурухананың педиатр-неонатолог дәрігері Сәуле Қайырденова «Дені сау бала – дені сау ұрпақ» атты тақырыпта біраз мәселелер туралы түсінік берді.

- Аудандық медициналық мекемелердің  бақылауында 8254 бала бар. Өмірге келген әр бір сәби ата-анасының көз қуанышы, болашақта Отанына қызмет ететін дені сау ұрпақ болып өсуі керек. Міне, осы бағытта бала дәрігерлері қызмет етуде. Бірақ та, өмір болғаннан кейін табиғатқа, ата-ананың денсаулығына, күнделікті ішкен тамағына тағыда басқа қоршаған ортаның әсерлеріне байланысты ауру-сырқаумен өмірге келетін балалар болады. Ондай балалардың саны өте көп болмағанымен 1-2% құрайды. Дамуында ерекше күтімді қажет ететін балалардың қалыпты дамуы үшін ауданда арнайы құрылған екі мекеме жұмыс жасайды. Оның біріншісі - педагогикалық-психологикалық түзету кобинеті. Мұнда қазіргі уақытта 97 бала әртүрлі мамандардан өздеріне көмек алуда. Сонымен қатар, күндізгі оңалту орталығы жұмыс жасап тұр. Онда аудан бойынша бару керек жиырма бала бар. Он екі бала тұрақты келіп жүр. Кейбір ата-аналарға ауылдың қашықтығына байланысты, сонымен қатар алып келіп, күтіп отыру керектігіне байланысты қиыншылықтар кездесіп отыр. Десек те, орталық мамандары ата-аналармен үзбей жұмыс жүргізіп келеді. Осының арқасында орталыққа балаларын әкелу жолға қойылды.  Бір қуантарлығы, өткен жылы осы орталыққа автокөлік бөлінген. Тәрбиешілер ата-аналармен бірге автокөлікпен балаларды апарып, әкеліп үйлеріне апарып тастап отырады,-деді ол.

Келесі спикер «Сенім тірегі» қоғамдық қор төрайымы, Атырау мен Құлсары қаласындағы «Future sport» абилитациялық спорт орталығының жетекшісі Сәуле Думашева инклюзивті қолдау кабинетін ашудағы басты мақсаты – ерекше білімді қажет ететін оқушыларға жан-жақты қолдау екенін айта келе, барлық білім беру ұйымдарында осындай кабинеттер болса, оқушылардың дамуына оң әсерін тигізетінін атап өтті.

- Облыс бойынша мектеп жанынан сегіз инклюзивті кабинет ашып, жұмыс жасап отырған орталық. Биылғы жылы біздің ауданнан, соның ішінде Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп жанынан инклюзивті кабинеттер ашылып, жұмысын бастауда. Ерекше білім беру негізгі екі бағытты ұстанады. Біріншісі, балаларға қалыпты білім алатын балалармен бірге білім алуға мүмкіндік жасау. Мұнда педагог асистент балаларға қолдау көрсетуші маман. Әртүрлі диагнозбен бір сыныпта он баладан аспауы керек. Педагог ассисенттің жұмысы - егерде қалыпты сыныпта оқып отырған балада мінез-құлқының ауытқуы немесе аурушаңдығы ұстап қалған жағдайда баланы арнайы кабинетке апарып, сол жерде сабағын жалғастыру. Онда баланың құжатына жазылған программа арнайы терапияға байланысты және баланың бүгінгі игерген деңгейіне байланысты арнайы бағдарлама жасалып оқытылады,- деді.

«Сенім тірегі» қоғамдық қорының қолдауымен ашылған Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептегі инклюзитивті қолдау кабинетінің мұғалімі Гүлжанат Шахаева аутизм және оның алғашқы белгілері жөнінде мәлімдеді.

 - Тұщықұдық ауылындағы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектепте 30 бала бар. Олардың бәрі де ерекше білімді керек ететін бала болғанымен, тең жартысы арнаулы үш сыныпта оқиды. Бірінші сынып пен төртінші сынып аралығында екі сынып, бес пен он бірінші сынып аралығында бір сыныпта оқиды. Арнайы мамандар мен білікті оқытушылардың еңбегі арқасында жыл сайынғы қорытынды есеппен біраз оқушының үлгерімі жақсарып, жай сыныпқа ауысып кетеді. Негізі үйден оқитын төрт бала бар. Олар – әртүрлі сынып оқушылары. Ерекше қабілетті балалар арнайы жеңілдетілген бағдарламамен оқытылады. Сонымен қатар құлақ естімеу, көз көрмеу әртүрлі диагнозды балалар жалпы жай сыныпта оқиды. Егер де балаға берілген ерекшелігінің санаты жоғары болса, арнайы ассисент сыныпқа көмекші бөлінеді.  Сонымен бірге мерекелерде арнайы сыйлықтар жолданады, демеушілерден берілген көмектер де алдымен осы балаларға беріледі. Ерекше қабілетті деп белгіленген оқушылар қандай сыныпта болсын, мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылады. Жылына екі рет міндетті оқу қорынан қаржылай көмек беріледі. Бірақ демалыс орындарына, лагерьге жібере алмайды, себебі, қасына бақылаушы адам керек,-деген ол мектеп жасынан асқан балалар бұл тізімнен шығарылатынын қаперге берді.

Кезекпен сөз алған спикерлер арасында аудандық №4 психологиялық - педагогикалық түзеу кабинеті психологі Тұрсынай Жәнібекова «Аутизм спектрі бар балаларға арналған түзету жұмыстары» тақырыбына тоқталып, үй жағдайында жасауға арналған қарапайым жаттығулар бар екенін, оның балаға әсері, балаға анасы арқылы беретін терапия екенін жіктелеп айтып өтті.

Аталмыш шарада көрерменді сергіту мақсатында «Құлыншақ» бөбекжай - бақшасының дефектолог - логопед мамандары Динара Қуантаева  мен Асел Бектенова  «Вильямс пирамидасы бойынша дамытудың жолдары» атты өз тренингтерін жүргізіп, көрсетілімдерді өздері дайындаған, сонымен қатар семинарға қатысушы спикерлер арқылы ұйымдастырып балаларға арналған бірнеше жаттығуларды орындады. Негізі тақырып аутизм спектрі болғандықтан шарадан ата-аналар да тыс қалмады. Қазіргі қоғамда балаларға, соның ішінде ерекше күтім мен білімді қажет ететін балаларға көптеген жағдайлар жасалғанын айтты. Алдағы уақыттағы қажеттілік туралы өз ойларын ортаға салып ұсыныстарын білдірді.

Тіпті, көрермен арасынан суырылып алға шыққан ата-ана Серікқали Аубекеров өзіндік пікірін әрі ұсынысын ашық түрде жеткізді.

-Менің айтайын дегенім жалпы аутизмнен көп қорқудың керегі жоқ. Бұл дерт бұрыннан да болған, қазіргі қоғамда да орын алып отыр.Тек алаңдататыны, ғылым мен техника дамыған уақытта бұл аурудың да көбеюі болып отыр. Аутизммен ауырған балалардың ерекше қабілеті болатының ұмытпау керек. Сондықтан даму кезінде осы бағытты ұстау, дәрігер мамандар бірігіп жұмыс жасауы басты шарт. Баласы ауырғасын ата-ананың алаңдайтыны белгілі, соның ішінде шет елдерге апару көп. Бұл жерде айтпағым, ата-аналардың баласының қандай дәрежеде сырқат екенін анықтамай жатып шауып кетуі. Бұл, біріншіден, шығын, екіншіден, уақыт жоғалту. Сондықтан ауданда әр ауылда орталықтар болса дұрыс деп есептеймін. Үшіншіден, осындай ерекше күтімді керек ететін баласы бар ата-аналардың өздерін дайындайтын орталық керек. Бұл бүгінгі күннің негізгі тақырыбы болып, осы семинар барысынан көрініп отыр. Енді мемлекет тарапынан ерекше балаларға арналған бағдарламаларға ата-аналар риза деп ойлаймын, әлі де жетіле берейік,-деді ол.

Семинар барысында Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп мұғалімі Алтынай Сағынғалиева сергіту жаттығуларын жүргізді және келген көрермендерге, тренинг өткізуші мамандарға тақырыпқа сай өз сұрақтарын қойды. Әрмен қарай сөз легін аудандық аналар кеңесінің төрайымы Нүрия Қайдарова, «Жартылай күндізгі стационарлық үлгідегі ұйымының күндіз болу бөлімшесі» КММ директоры Қуандық Сариев, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин алды.

Шара соңында Тұщықұдық  ауылдық аналар кеңесі төрайымы Балғаным Қайырлиева  семинарға белсене атсалысып қатысқан, өз ойларын ортаға салған азаматтарға ризашылығын білдіріп, бірлік пен береке туралы жақсы сөздерімен семинар отырысын қорытындылады.

Соңы концерттік бағдарламаға ұласып, Тұщықұдық ауылдық кітапханасының жас оқырмандары «Шын бақыт» монологімен шара шымылдығын жапты.

 

Сағыныш САЙЛАУБАЙ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT