Тұщықұдықтық өнерпаздар құмдағы елді қуантты

Нариман Үлкенбайұлы атындағы Тұщықұдық ауылдық мәдениет үйінің №2 жылжымалы клубы өнерпаздары кезекті концерттік сапарымен құм өңіріне шығып қайтты.

Өнерпаздар алдымен шаруагер Кенжебек Қалешовтың шаңырағы болды. Кезінде кеңшардың әйгілі жылқышысы атанған Сақтай әкеден өнеге түйген ұлдарының бірі Кенжебектің де құрығы құтты десе болады. Шаруасы сайлы, тұрмысы жайлы қонақжай Үшқызыл тұрғыны өнерпаздарды қуана қарсылады. Үлкендер жағы өңірдің, шаруаның жағдайын тілге тиек ете әңгіме дүкен құрып, жаңалықтарға қанықтырған топ мүшелеріне баталарын берісті.

Өз кезегінде ілтипатты көңілге риза болған қонақтар да ән-күйдің тиегін ағытты. Қаршығадай қомдана түсіп, құлақ құрышын қандырар күйлерді бірінен соң бірін төкпелеткен домбырашы Дулат Әділжанұлы тыңдаушыларын дән риза етті. Ал ауыл-елге белгілі тұщықұдықтық әнші Рамазан Бермағанбетов болса, бабында тұрған баянын құйқылжыта ойнап, тамаша әндерді бірінен соң бірін әуелетуімен басқосуды мерекелік кешке айналдырып жібергендей еді.

Үшқызыл учаскесінің тағы бір тұрғыны Болатбек Демешовтің ауылына да аялдаған топ аман-саулық сұрасып, үй иелерінің сұрауымен өз өнерлерін тағы бір мәрте паш етті.

Бұдан кейін Бірлік, Көзгіл, Есқали, Бегайдар учаскелеріндегі шаруа адамдарын да аралап, тұрғындардың алғысын арқалаған өнерпаздардың өздері де мерейленіп оралды. Жылжымалы клуб меңгерушісі Рита Жаппаровадан білгеніміздей, алдағы уақытта алыс ауылдарға тағы да сапарлап, жаңарған бағдарламамен жолға шықпақ ниетте екен.

Нұртілек ЖОЛАМАНҰЛЫ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 2-курс студенті

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521