Тұщықұдық ауылдық округінде жергілікті қоғамдастық жиналысы өтті.
Жиынды округ әкімі Мәди Өтеғалиев ашып, еңбек ардагері, қоғамдастық мүшесі Мұрат Бектенов төрағалық етті.
Басқосуда «Құлыншақ» бөбекжай-бақшасының мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту бағдарламасын жүзеге асырудағы жұмысы туралы балабақша меңгерушісі Алма Ғизатуллинаның есебі тыңдалды. Қоғамдастық мүшелері Тұрарбек Сыралиев, Сағатбай Ележанов бөбекжай-бақшаға балаларды беруге кезекке қою жөніндегі арыздар санының 180-нен асуына байланысты алға қарай жаңа бөбекжай-бақша ғимаратын салу, бақшада тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерді автокөлікпен әкелген кезде ғимарат алдында кептеліс болатынын ескеріп, арнайы автокөлік тұрағын жасақтауды қарастыру жөніндегі ұсыныс-тілектерін білдірді.
Жиналыста мұнымен бірге ауылдық округтің 2019 жылғы бюджетінің атқарылуы туралы мониторингтік комиссиясының хабарламасы тыңдалып, 2020 жылға арналған округ бюджеті назарға берілді.
Басқосу барысында сондай-ақ округ бойынша «Жыл үздігі» байқауын өткізудің ережесі, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына әзірлік және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары талқыланып, бекітілді.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР