Тұщықұдықта көпір жөнделіп, жолдар салынуда

Исатай ауданы ауылдарына жол салу жұмыстарымен айналысушылардың бірі «Атырау жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де ауданның Тұщықұдық ауылында автокөлік жолын салуға өткен жылдың күзінен бастап қауырт кіріскен.

Осынау тендер жеңімпазы осы елді мекеннен барлығы 8294 метр ұзындықта 25 көшені қамтитын тасжол төсеуі керек екен. ЖШС-тің учаске шебері Мейірбек Қазекешовтың айтуынша, өткен жылы осында 30-ға жуық адам қызмет еткен, оның ішінде жергілікті жерден жұмысқа тартылғандар аз болмапты. Нәтижесінде, суық түсіп, жұмыс уақытша тоқтатылғанға дейін, белгіленген ұзындықтағы барлық автокөлік жолдарының астыңғы табандарын төсеп үлгеру мүмкін болған.

Енді міне, жер аяғы кеңісімен жасалынуы тиіс жұмысты біртіндеп жалғастыруды көздеген жолшылар алдымен ауыл ішіндегі аяқжолдар салынуы сызбаға түскен көшелердегі құрылыс жұмыстарын бастап та кеткен жайы бар.

640a1bda-48a0-47af-b7d8-bde67a32b3b9

– Сәуірдің 2-сінде бастадық, барлығы 5900 метр ұзындықтағы аяқжолдарды салумен айналысып жатырмыз. Бұл іске 8 жұмысшы, 5 техника тартылып отыр. Қазір жұмыс Ш.Шәріпов, Ғ.Рамазанов, Қ.Кәрімов көшелерінде жүріп жатыр, қажетті материалдар жеткізілді,- дейді учаске шебері.

Бұған дейін ауылды жарып ағып жатқан Боқсақ өзегінің шығыс бетіне өтетін автокөліктерге арналған көпірге де жөндеу жұмыстарының алғашқы бөлігін толық атқарып үлгерген жолшылар ауылдың тазалығына атсалысып тұратындарын да өздерінен естіп-біліп, «бәрекелді» дестік.

- Жігіттер, менікі, сенікі деген жоқ, өтінішімізді жерге қалдырмады. Тазалықтың екі айлығы басталған уақытта ауыл ішіндегі жиналып қалған қоқыстарды қысқа уақытта белгіленген орынға шығаруға техникамен үлкен көмек етті, ауылдастар атынан ризамыз,- дейді жолшылардың сөзін нақтылай түскен ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Қанатжан Қинешов.

65740f00-f916-49a2-8130-3fff51f87771

Өзіміз жұмыс барысына куә болған аптаның алғашқы күнгі жүздесуімізде жолшылардың жіті қимылын көрдік. Мынау пандемия жағдайында аталған жұмыстардың аяқталар кезін дөп басып айту да қиындау еді.

- Бүгін астыңғы қабаттары төселіп тұрған автокөлік жолдарындағы қиыршық тас төсеп, асфальт жабындысын салуға дайындайтын негізгі жұмыстарымызды да қосымша бастап жатырмыз. Жұмыс көлемі ұлғаюына байланысты жергілікті жерден адамдарды да жұмысқа тарта бастаймыз,- деді М.Қазекешов.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521