Тұщықұдықтың әкімі Президенттің «Құрмет Грамотасына» ие болды

Исатай ауданына қарасты Тұщықұдық ауылының әкімі Мәди Өтеғалиев үлкен марапатқа ие болды.

Атырау қаласында Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік салтанатты жиын өткен болатын. Санитарлық талаптарға сай ұйымдастырылған елдік шарада Тұщықұдық ауылының әкімі Мәди Өтеғалиев аймақ басшысы Махамбет Досмұхамедовтің қолынан Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет Грамотасымен марапатталды.

- Ата-бабамыздың ғасырлар бойғы мұраты – азат ел болу, халқымыздың тұтастығы мен жеріміздің бүтіндігін сақтау. Сол арман-мұратқа қолы жеткен халқымыз, қиындықтарды еңсеріп, жарқын жетістіктерге куә болуда. Бұған өзіміздің Тұщықұдық ауылының өзі де дәлел,- дейді ауыл әкімі. – Ел Тәуелсіздігі күні мерекесі тұсында ҚР Президентінің Құрмет Грамотасымен марапатталуым маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Мемлекеттік саясаттың жергілікті деңгейде жүргізілуі, тұлға ретінде халықпен тікелей өзара іс-қимыл жасау, ауылдың өсіп-өркендеуі жолында белгіленген жоспар-жобаларды жүзеге асыру бізге басты міндет болып саналады, - дейді марапат иесі.

Тұщықұдық ауылы да Тәуелсіздік жылдарында өркендеген өңірлердің бірі. Көгілдір отын, таза ауыз суы, жол мәселесі шешімін тапқан ауылда мектеп, балабақша, емхана, мәдениет үйі заман талабына сай халыққа қызмет көрсетіп отыр. Бұнда ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік те дамып келеді. Айта кетер болсақ, ауылдық округте ресми тіркелген 100-ден аса шаруа қожалық, 40-тан аса кәсіпкерлік субъекті бар.

Көп жылғы қажырлы еңбегі және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін үлкен құрметке бөленген ауыл басшысы биыл «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауында облыстан топ жарып, республикалық кезеңінде «Үздік іскер-шаруа әкім» номинациясына ие болған еді.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521