Ауданның ауыл шаруашылығының дамуына өзіндік мол үлесін қосып жүргендердің бірі – тұщықұдықтық Бұқар Бисенов.
Жастайынан-ақ төрт түліктің бағым-күтіміне қанығып өскен қыр баласы Бұқар кеңшардың белді малбегі болған әкесі Сақыптан көрген-білгенін көңілге түйе жүргенін бүгінде дәлелдеп те келеді. Оның аға шопан болған әкенің ақ таяғын қолға ұстап қалып, кезінде кеңшардағы жас шопандардың көшін бастауы да соған бір дәлел. Кейін аудандағы белді шаруагер атанғандардың да бірі осы Бұқар болды. Істі өз қолдарына алған сол алғашқы кезде інісі Асқар екеуі оның үйлесімін табуға ұмтылды, жаңалығы көп уақыттың көшінен қалып қоймауға тырысты. Олардың бұл талпынысына жұбайлары да қолдау танытып, нағыз көмекшілері бола білді. Шүкір, сол бір талпыныс текке кетпеді.
Қашанғы құтты қонысы Көзгілдегі шаруасын дөңгелетіп-ақ отырған еңбекқор шаруагердің еңбегі де көпке үлгі. Бұдан бұрын да сол еңбегі үшін түрлі дәрежедегі марапаттар иеленіп келе жатқан жанның жуырда тағы да мерейі үстеді. Ол – майталман малбегінің маңдай терінің өтеуіндей көрінген «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі. Сөйтіп, Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні аталып өткен тұста Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров қол қойған куәлігі қоса тапсырылған төсбелгі оның да кеудесін жарқыратты.
Марапат құтты болып, еңбегің жана берсін, шаруагер!
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР