Бүгін Тұщықұдық ауылдық округіндегі Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп ғимаратында орналасқан №131 сайлау учаскесінде ел болашағына бейжай қарамайтын ауыл тұрғындары белсенділік танытуда.
Солардың бірі – Исатай ауданының Құрметті азаматы, тыл ардагері, «Еңбек Қызыл Ту»орденінің иегері Шарип Сыдихов. Қария бұл саяси науқанға әрдайым отбасы мүшелерімен бірге қатысып, дауыс беру үрдісін дәстүрге айналдырғанын айтады.
– Бүгін ауылымыз үшін, шын мәнінде, тарихи күн. Халқымыз бетбұрысты шешім қабылдамақ. Сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Біз де қалыс қалмай, таңмен таласа бала-келінімді ертіп келдім. Жалпы, барлық ауылдастар саяси шарадан тыс қалмай, таңдау жасауға асыққаны абзал, – дейді ол.
Мемлекет үшін маңызды кезеңде сайлауға белсенді қатысу – әр азаматтың жауапкершілігі. Бұл орайда елдің ертеңіне бейжай қарамайтын азаматтардың үлгісі – көпке өнеге.
Сағыныш ҚАЙЫР