Тыл ардагерлері мерейтойлық медальмен марапатталды

Соғыстың сұрапыл жылдарында қолына қару алмаса да, тылдағы еңбекпен майданды тіреп тұрған қаһармандар болды. Олар – таңнан қара кешке дейін бел жазбай еңбек етіп, жеңіс үшін жанын салған, маңдай терімен тарих жазған ардагерлер. Сол үнсіз ерліктің иелері бүгін де арамызда жүр. Еңбекпен ел қорғаны болған ардагерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Исатай ауданы әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан мерейтой қарсаңында Қамысқала мен Тұщықұдық ауылдық округтеріне арнайы барып, тыл ардагерлерін «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» бірыңғай мерекелік медалімен марапаттап, құрмет көрсетті.

 

Қамысқала ауылдық округіндегі марапаттау рәсімі ерекше жылы жүздесу мен ризашылық сәттерге толы болды. Ауылдық округ әкімі Рафиғат Тәжиденова, ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекболат Мусин, мәдениет үйінің директоры Талғат Сатыбаев және округ қызметкерлері бірге қатысқан кездесуде Х.Ерғалиев ауылындағы тыл ардагерлері –Мүслима Әділбаева, Рахметолла Өтепқалиев, Ғанимат Төлемісова, Жаңыл Жұмағалиева, Сада Сарғойшиева және Майхана Қаулашеваға салтанатты түрде медальдар мен сый-сияпат табысталды. Аталмыш тыл ардагерлері  – өмірдің талай белесін көрген, қиындықты қайыспай көтерген, сол бір ауыр жылдардың тірі куәгерлері. Қара жұмыстың қақ ортасында жүріп, майданға азық-түлік, киім-кешек, қажеттінің бәрін үздіксіз жеткізуге атсалысқан. Олардың сол кездегі төзімі мен табандылығы – бүгінгі бейбіт өмірдің негізі.

Ал Тұщықұдық ауылында өткен іс-шара да тағылымды кездесуге ұласты. Ауылдық округ әкімі Айбатыр Бекішұлы, Аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Қайырлиева және округ аппаратының қызметкерлері тылда еңбек еткен Шәріп Сыдихов, Охиза Сидеғалиева, Тояш Беркалиева, Махуза Ерғалиеваларға арнайы барып, марапаттарын табыстап, құрмет көрсетті. Ардагерлермен болған әңгіме барысында олар өткен күндерді еске алып, жастық шақтары мен сол кездің ауыр тұрмысын жүрекпен жеткізді.

– Соғыс бізге тек майдан шебінде емес, егіс алқабында, фермада, қыстауда да жүрді. Әке орнына аға, ана орнына әпке болып, ауыр еңбекпен есейдік. Бірақ Отан аман болсын деген тілекпен бәріне төздік,-дейді ардагерлердің бірі Шәріп Сыдихов.

Жылы жүздесуде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлық пен құрметке алғыс айтқан қариялар, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деген тілектерін білдіріп, ақ батасын берді. Қарттарымыздың жүрекжарды тілектері мен баталары – бүгінгі ұрпаққа үлкен аманат.

– Сіздер – ел үшін еңбектің, сабыр мен төзімнің символысыздар. Ұлы Жеңіс – сіздердің де жеңістеріңіз. Елдің дамуы мен өркендеуіне қосқан үлестеріңіз ешқашан ескерусіз қалмайды,-деп аудан әкімінің орынбасары Н.Абежан өз алғысын білдірді.

Уақыт алға жылжығанымен, тарихтағы есімдер мен ерен еңбектер мәңгілік. Тылдағы бейнет пен төзім, үнсіз ерлік – бүгінгі бейбіт күннің іргетасы. Ендеше, бұл жай ғана марапаттау емес, ұрпақтың ардагерлер алдындағы борышын өтеп, тағзым еткен сәті.

Айта кету керек, бұл марапаттау шаралары алдағы күндері де жалғасады. Қалған тыл ардагерлеріне мерекелік медальдерді округ әкімдіктері өз кезегімен табыстайтын болады.

 

Ж.ИСЛАТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT