Тыныштық күзеті қалай күшейіп жатыр?

 

Бүгінде ауданымызда құқықтық тәртіпті нығайту, қылмыстың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан шаралар, қылмыстық ахуалдың қазіргі жай-күйі және алдағы жоспарлар туралы толығырақ білу мақсатында аудандық полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімше бастығының міндетін атқарушы Дюсенов Нұрсұлтан Егінбайұлымен сұхбаттасқан едік. 

– Нұрсұлтан Егінбайұлы, сұхбаттасуға келісім бергеніңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін! Алғашқы сұрағым, жалпы Мемлекет басшысының айырықша назар аударатын «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ауданымызда қандай жұмыстар атқарылуда? Қандай жобалар  жүзеге асып жатыр?

– Ауданымызда «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру бағытында кешенді әрі жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл тұжырымдаманың басты мақсаты – қоғамда заң талаптарын мүлтіксіз сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және халықтың полицияға деген сенімін арттыру. Осы бағытта аудан аумағында бірқатар профилактикалық іс-шаралар мен жобалар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Құқықтық тәртіп», «Учаске», «Маскүнем», «Қауіпсіз аула», «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шаралары кеңінен өткізіледі. Бұл шаралар барысында көшелерде, қоғамдық орындарда, аулаларда және демалыс орындарында полиция қызметкерлерінің қызметі күшейтіліп, құқық бұзушылықтарға жол бермеу басты назарға алынады. Сонымен қатар учаскелік полиция инспекторларының халықпен тікелей жұмыс істеуі – «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асырудағы маңызды бағыттардың бірі. Учаскелік инспекторлар тұрғындармен тұрақты түрде кездесулер өткізіп, құқықтық тәртіпті сақтау, тұрмыстық жанжалдардың алдын алу, отбасылық зорлық-зомбылыққа жол бермеу, сондай-ақ маскүнемдік пен ұсақ бұзақылықтың салдары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында білім беру мекемелерімен тығыз байланыс орнатылған. Мектептерде, колледждерде полиция қызметкерлерінің қатысуымен құқықтық сабақтар, дәрістер, ашық кездесулер өткізіліп, оқушылар мен жастарға заң талаптары, олардың құқықтары мен міндеттері кеңінен түсіндіріледі. Бұл жұмыстар жас ұрпақты заңды құрметтеуге тәрбиелеуге және құқық бұзушылыққа жол бермеуге бағытталған. Сондай-ақ, «Қауіпсіз аула» жобасы аясында көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларында қауіпсіздікті күшейту, тұрғындардың белсенділігін арттыру, бейнебақылау жүйелерін орнату және тұрғындармен бірлескен алдын алу шараларын ұйымдастыру қолға алынуда. Бұл жоба тұрғындардың өз ауласындағы тәртіпке жауапкершілікпен қарауына ықпал етуде. 

– Сол жұмыстардың нәтижесінде статистика бойынша ауданымызда қылмыс, тәртіп бұзушылықтың деңгейі қандай?

– Өкінішке қарай ауданымыздағы қылмыс, тәртіп бұзушылықтың статистикалық деңгейі көңіл көншітпейді. Олай деуіміздің себебі 2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша ауданда жалпы 58 қылмыс тіркеліп, 2024 жылмен салыстырғанда +11,5%-ға өскен (2024 жылы – 52). Қылмыстардың ашылу деңгейі 64,2%-ды құрады (2024 ж. – 70,2%). Негізгі қылмыстар саны айтарлықтай өспегенімен (47-ден 48-ге, -2,1%), қылмыстық теріс қылықтар 4-тен 11-ге дейін өсіп (+175%), олардың ашылуы 100% болды. Өсім негізінен интернет-алаяқтық қылмыстарының көбеюімен байланысты. Алаяқтық деректері 26-дан 28-ге (+7,7%), оның ішінде интернет-алаяқтық 7-ден 21-ге (+200%) артқан. Сонымен қатар ауыр қылмыстар саны 16-дан 23-ке (+43,8%) көбейген, бұл көрсеткіштің басым бөлігі ауыр санаттағы алаяқтық қылмыстарға тиесілі. Пәтер ұрлығы (0-ден 4-ке) және ұялы телефон ұрлығы (0-ден 2-ге) деректері де тіркелген. Дегенмен, атқарылған профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде бірқатар бағыттар бойынша бақылау күшейтіліп, құқық бұзушылықтардың жолын кесу шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Қылмыстарды дер кезінде тіркеу мен есепке алу ашықтықты қамтамасыз етіп, нақты жағдайды бағалауға мүмкіндік беріп отыр. Полиция бөлімінің жедел қызметі құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Алдағы уақытта интернет-алаяқтық пен ауыр қылмыстардың алдын алу шаралары одан әрі күшейтіліп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты назарда болады.

– Баршамызға белгілі аудан орталығында көптеген бейнебақылау камералары қондырылған болатын. Сол туралы толығырақ атап өтсеңіз?

– Аудан орталығында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында заманауи бейнебақылау жүйесі орнатылған. Қазіргі таңда орталықта барлығы 72 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Оның 18-і қозғалатын, яғни айналаны толық шолып, қажетті бағытқа бұрылып бақылау жүргізе алатын камералар болса, 54-і тұрақты, белгілі бір аумақты үздіксіз қадағалап тұратын камералар болып табылады. Камералардың бесеуі жол қозғалысы ережелерін бұзған көлік құралдарын анықтауға арнайы бағытталған. Олар Х.Ерғалиев көшесі, Е.Қазақстан көшесі, Мұнайшы көшесі және Ынтамақ көшесі бойында екі бағытта орналастырылған. Бұл камералар жылдамдықты арттыру, қарсы бағытқа шығу, бағдаршамның тыйым салу белгісіне өту секілді жол ережесін бұзу деректерін тіркеп, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жүргізушілердің жауапкершілігін күшейтуге ықпал етеді. Қалған камералар адам көп шоғырланатын орындарда, көше қиылыстарында және қоғамдық маңызы бар аумақтарда орнатылған. Олардың басты қызметі – қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, күдікті әрекеттерді дер кезінде анықтау және төтенше жағдай орын алған сәтте жедел әрекет етуге мүмкіндік беру. Бейнебақылау жүйесі тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеп, құқық қорғау органдарына жедел ақпарат алмасуға жағдай жасайды. Соның нәтижесінде аудан тұрғындарының қауіпсіздігі артып, қоғамдық орындардағы тәртіп пен тыныштық тұрақты бақылауда ұсталады.

– Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту бойынша алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту бағытында алдағы уақытта кешенді және жүйелі жұмыстар жалғасын табады. Ең алдымен, қылмыстың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар мен түсіндіру жұмыстары күшейтіледі. Әсіресе интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша тұрғындармен кездесулер, ақпараттық жадынамалар тарату және әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілетін болады. Сонымен қатар қондырылған бейнебақылау камераларының күшімен қоғамдағы қауіпсіздікті бақылау күшейтіледі. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға бағытталған бақылау шаралары да нығайтылады. Учаскелік полиция инспекторлары халықпен тығыз байланысып, әрбір елді мекенде кері байланыс жүйесі жетілдіріледі. Негізгі мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқық бұзушылыққа мүлде төзбеушілік қағидатын қалыптастыру.

– Мардымды ақпараттарыңыз үшін алғыс білдіремін!

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT