Ұ.Хисым: "Мемлекеттік қызметшіге адалдық керек"

Мемлекеттік қызметшілер күні мерекесіне орай Исатай ауданы әкімдігінің инстаграм әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында мемлекеттік қызметтің ардагері исатайлық Ұлбосын Қабиболлақызымен онлайн сұхбат өтті.

- Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Атырау қаласына қоныс аудардым. Балам мен келінім - жұмыста. Атасы мен екеуміз немерелерімізді тәрбиелеумен айналысамыз. Жеке кәсіпкерлік бағытында да азын-аулақ шаруашылығымыз бар. Бос уақытымда түрлі мәдени шараларды тамашалауды дағдыға айналдырдым, - дейді ардагер модератордың «Зейнеттік демалысыңызды қалай өткізіп жатырсыз?» деген сұрағына.

Басқа да сауалдарға жауап берген Ұлбосын апай мемлекеттік қызметке кездейсоқ келгенін айтады. Абыройлы қызметтегі оның басты мақсаты өзіне үміт артқан басшылар мен ауыл тұрғындарының сеніміне селкеу түсірмеу болыпты.

– Өзім түлеп ұшқан татулығы жарасқан Исатай ауылында халқыммен қоян-қолтық жұмыс жасап, өңірімнің өркендеуіне қолымнан келгенше өз үлесімді қосуды жөн көрдім, - дейді ол.

- «Елге қызмет ету білімнен емес - мінезден» деген Ә.Бөкейханұлының сөзі бар. Жалпы мемлекеттік қызметші қандай болуы керек және кімді үлгі тұттыңыз? - деді сұхбатты жүргізуші Ұлпан Қуаналықызы.

- Мемлекеттік қызметшіге ең алдымен халқына адалдық, әділ шешім қабылдай білу мен әдептілік секілді қасиеттер қажет деп есептеймін. Қандай қасиет те әкенің қаны, ананың сүтімен келетіні белгілі. Марқұм әкем Қабиболла адал, еңбекқор, шебер ұйымдастырушы, бауырмал, қамқор әке болды. Мен ең бірінші әкемді пір тұттым, - деген Ұлбосын Қабиболлақызы мемлекеттік қызметте өзі үлгі-өнегесін алған азаматтар жайында, төккен тері нәтижесінде жеткен жетістіктері туралы да сөз қылды.

Мемлекеттік қызметке қадам басқан жастарға да ақыл кеңесін аямаған ардагер сөз соңында әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521