Уақытпен өлшенбейтін құндылық

 

Жалпы, газет дегеніміз – уақыт көшіндегі үлкен мінбер. Ауданның төл басылымы – «Нарын таңы» да сол қатарда. Оның әр санында ауданның өткені, бүгіні мен ертеңі қатар сөйлеп келеді. Аяқталған жылы да сол үрдістен жаңылмаған газетіміз жылан жылы бойына өз оқырмандарымен 52 мәрте қауышып, 52 нөмірі жарық көрді. Басылымның қолыңызға тиіп отырған басталған жылдағы алғашқы саны – 1953 жылдан бергі жарық көрген жылдарының тұтас түзіліміндегі 4266-шы нөмірі. Бір қарағанда жай ғана цифр секілді көрінгенімен, әр санның артында еңбек, жауапкершілік, сенім мен тағдыр барын ескерсек, төл басылым бетінде қаншама тарих қатталғанын бажайлай берсеңіз де болады.

Осынау уақыт бедерінде «Нарын таңының» тізгінін небір тұлғалар ұстады, қарымды қалам иелері қызмет етті. Өткен дүйсенбіде, яғни қаңтардың 5-інде менің де аудан үнжариясына бас редактор болып бекігеніме тура бір жыл толған екен. Бұл – мен үшін есеп беретін ғана емес, ел сенімін сезінетін, салмағы ауыр кезең. Жас болсам да, осындай жауапты міндет пен сенімге ие болу үлкен абырой деп білдім. Бұл сенім мен міндет мені қанаттандыра түсті әрі күн сайын өз-өзіме талап қоюыма себепші де болды.

Осы жолда маған қолдау білдірген әр оқырманға, бірлесе еңбек етіп келе жатқан барша әріптестеріме алғысым шексіз. Газет бір адамның еңбегімен шықпайды, ол – ұжымдық еңбектің жемісі.

Ол – ортақ іске жанашырлықпен қараған бүкіл ұжымның, сөзге жауапкершілікпен қарайтын қаламгерлердің, руханиятты қадірлейтін оқырманның еңбегі. Мен өзімнен бұрын басылымға бас редакторлық қызмет атқарған Төлеген Сатқанбаевтан бастап Аяпберген Салиховқа дейінгі аталарымыз бен ағаларымыздың қалыптастырған жолын жалғап, үнжарияның заманның, қоғамның үні болуына, мынау күрделі кезеңде оқырманның керегіне қызмет етуіне жұмыс қылып, сол бағыттан жаңылмауды басты мұрат тұтып келемін. Қай редакторға да кезінде редакцияда тер төккен ардагер журналистердің берер кеңесі мен көрсетер қолдауы аз болмаған. Олардың қатарында өзім естіп-білген, бүгінде ортамызда бірі бар, бірі жоқ Нұралы Әжіғалиев, Мұрат Аташұлы, Сейілхан Қайыржанов, Жайнарбек Бержанов сынды қалам иелері болды. Осы ретте өзімнің әріптес ағам, бас редактордың орынбасары-жауапты хатшы Жоламан Дәулетиярдың газет жұмысының жүйелі жүруіне аз септігі тимегенін айтпай кетуім әділдік болмас еді деп есептеймін.

Сенім талапты күшейтеді. Ол әр сөзге жауап беруді үйретеді. Осы бір жыл тізгінін ұстаған газеттегі жұмысым мен үшін ойымды бұрынғыдан да байытып, мол сабақ алған мектеп болды. Қателесу, одан қашпау, қайта сол қатемен жұмыс істеу  адамды шыңдайды. Бір жыл ішінде сан түрлі жағдаймен бетпе-бет келіп, одан шығуды, жауапкершілікті мойындауды, өз кемшілігімді көріп, түзетуді үйрендім, ойға мұқият түйдім.

Өзім бас редактор ретінде алғаш қолымды қойған газет санында «Газетке қолдау – руханиятқа құрмет!» деген тақырыппен «Бас редактор бағаны» айдары астында мақала жаздым. Ондағы мақсат – бір ғана басылымды қолдау емес, тұтас рухани кеңістікті сақтауға үн қосу еді. Өйткені газетке көрсетілген қолдау – сөзге, ойға, тарихқа, ертеңге көрсетілген құрмет.

Аталған мақалада «Газетке жазылу – ұлттық санаға қамқорлық» деп атап өткенім бар еді. Алайда сол тұста аудан жұртшылығының өз газетіне жазылуы ақсап тұрғаны  ащы да болса шындық болатын. Жазылу науқаны қорытындысында облыстағы жеті аудандық басылымның ішінде соңғы орынға тұрақтап, бар болғаны 1154 данаға ғана жеткеніміз бәрімізді ойландыруы тиіс, ойландырған да көрсеткіш-тұғын.

Бұл көрсеткіш – бір ғана редакцияның емес, баршамыздың бейқамдығымыздың көрінісі болатын. Туған ауданның тарихын түгендеуге, өткенін екшеуге, бүгінін бағамдауға деген немқұрайдылықтың басымдық иеленіп, отбасындағы рухани тәрбиеге, ұрпақтың ой-өрісін кеңейтуге деген жанашырлықтың әлсірегенінің белгісі еді. Өйткені газетке жазылу – ақпарат алу ғана емес, ол туған елдің әлеуметтік-мәдени дамуына үн қосу, рухани жауапкершілікті сезіну.

Газет – ұрпақ тәрбиесінің бір құралы. Үйге келіп тұрған басылымдарды бала-шағамен бірге қарап, санаға сала оқып, керегін талдау-талқылау арқылы ой қалыптастыруға, сауат арттыруға, отбасылық құндылықтарды сақтауға болатыны бұрынғы уақыттарда дәлелденген шындық. Бұл – ұрпақ сабақтастығын жалғаудың да бір жолы. Біз, үлкеніміз, кішіміз бар,  соны ұмыт қалдырдық. Соңғы уақыттарда осы қарапайым шындықтың өзіне атүсті қарағанымыз жазылу науқаны аяқталғанда айқын аңғарылды.

Дегенмен, газет – оқырманымен өміршең. Олар сол басылымға ұмыт қылмай жазылуы арқылы таралымын арттырады. Қоғамдық тілші, автор ретінде қолға қалам алатындары оның мазмұнын байытады. Соңғы кезде бұл мәселеде кемшін түсіп жатқан тұстарымыз баршылық, оны сіз болып, біз болып мойындауымыз да, содан қорытынды шығаруымыз да керек дер едім. 
Қуантатыны – 2026 жылға жазылу науқаны барысында басылымымыздың таралымы 1600-ге таяп қалды, нақтырақ айтсақ, 1596 данаға жетіп жығылды. Яғни, өткен жылдың соңындағы таралымынан 600-ден астам данаға артып отырғанын көреміз. Бұл – әлгі бір «әттеген-ай»-ымыздың орны сәл де болса тола түскені деп есептеп отырмыз. Таралымның аз да болса өсуі басылымға деген сенімнің бар екенін, қолдаудың жоқ емесін көрсетеді десем болғандай. Осы жолда аудан әкімдігінен бастап, дербес бөлімдер басшылары, түрлі ұйымдар мен мекемелер, кәсіпкерлер, ардагерлер, мұнай саласының еңбек адамдарына дейін ортақ іске үн қосты. Ең қуантарлығы – қарапайым оқырманның қолдауы айқын сезілді. Биыл газетке жазылу науқандық міндет ретінде емес, ауданның төл басылымына деген жанашырлықтан, сөзге, ойға, еңбекке деген құрметтен туған саналы таңдау болды деп анық айта аламыз. Бұл – басылым мен оқырман арасындағы байланыс әлсіремегенінің, керісінше қайта бекіп, өз арнасын табуға жол алғанын аңғартарлық маңызды белгі.

Жазылу науқаны барысында редакция қызметкерлері ауыл-аймақты аралап, ауылдық округтер әкімдерімен, кәсіпорындар, мекемелер басшыларымен жүздесті. Сол кездесулерде газетке деген немқұрайдылық емес, керісінше түсіністік пен нақты қолдау бар екенін анық сезіндік. Әр ауылда басылымға деген ықылас, ортақ іске жанашырлық байқалды. Бұл – газеттің аудан өміріндегі өз орнын жоғалтпағанының, оқырманмен байланысының үзілмегенінің айғағы. Осы жолда газетке сеніп, қолдау білдірген әр оқырманға алғысымыз зор. Бұл – тек басылым санының өсуі емес, ортақ іске жасалған оң қадам. Ал біз үшін бұл көрсеткіш – тоқмейілсуге емес, талапты одан әрі күшейтуге себепші. Өйткені, сенім артқан жерде жауапкершілік те еселенеді.

Алда атқарар жұмыс көп. Біз дәстүрден ажырамай, уақытпен үндескен, оқырманымен ашық сөйлесетін, сенімнен таймайтын басылым болуды мақсат етеміз. Бұл жолда оқырманның әрбір пікірі, әрбір қолдауы, түрлі тақырыптағы дүниелері біз үшін маңызды. Сондай-ақ редакцияның шағын ұжымының ізденісті тірлігі де үлкен маңызға ие.

Мәселен, аяқталған жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп бекітілгеннен бас-тап, редакция ұжымы көзге көп көріне бермейтін, бірақ қоғам тірегіне айналған қарапайым еңбек адамдарына баса назар аударды. Ауылдарда адал еңбек, маңдай терімен күн кешіп жүрген жұмысшы қаһармандармен жүздесіп, олардың бір күндік еңбегін, өмірлік ұстанымын, үнсіз атқарылып жатқан адал да абыройлы қызметін қалың оқырманға жеткізуге тырыстық, жаңа беттер, айдарлар ашылды. Осы бағытта ардагер аға буын өкілдерінің де өмір жолдарын үлгі еттік. Себебі ауданның тыныс-тіршілігі, елдің күнделікті өмірі дәл сол көзге көрінбейтін еңбектің арқасында алға жылжып келеді. Осы арқылы біз қоғамда адал еңбекке деген құрметті күшейтуге, оқырмандарымыздың да оған оң назары аууына үлес қостық. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын таба береді. Әрине, бұл – газет редакциясы қолға алып, қозғау салған тақырыптың бір парасы ғана. Ал газетте көтеріліп келе жатқан, баянын тапқан, оқырманын бейжай қалдырмас жарияланымдар сан алуан.

Қорыта айтқанда, газет – уақытпен өлшенбейтін құндылық. Ол күннің жаңалығын ғана емес, айдың алуан ісін, жылдың жетістігін жеткізеді, ауданның тарихын сөйлетеді. Оқырман қолдауы барда, сөзге деген жауапкершілік сақталған жерде басылым өз миссиясынан жаңылмайды. Бұл – бүгіннің де, ертеңнің де аманаты.

Міне, жаңа жыл да басталды. «Нарын таңының» жаңа жылдағы алғашқы саны да табалдырығыңыздан енді. Армысыз, 1596 оқырман, бар болыңыздар!

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА,
газеттің бас редакторы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT