2025 жылдың 8 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қазіргі әлемдегі ең өзекті және өткір мәселелерді атап өтті. Президент халықаралық құқықтың әлсіреуі, БҰҰ-ның қауқарсыздығы, экологиялық апаттар, көші-қон дағдарысы, заңсыз қару-жарақ пен есірткі айналымы сияқты бүкіл адамзатқа ортақ қауіптердің күшейіп келе жатқанын ескертті.
Әсіресе жасанды интеллект тақырыбына тоқталған сәт – айрықша назар аударуға тұрарлық. Президент жаңа технологияның игілігімен қатар, оның кері әсеріне де сақ болу қажеттігін қадап айтты. Жасанды интеллектіні бақылаусыз пайдалану қауіпті қару-жарақ жасауға әкелуі мүмкін екенін ескертіп, бұл бағытта халықаралық деңгейде қатаң бақылау мен жауапты қадамдар қажет екенін жеткізді. Бұл – уақытылы айтылған әрі баршаға ой салатын ескерту.
Жолдаудағы негізгі идея – қоғамды бірлікке, жауапкершілікке, сын-қатерлерді бірлесе еңсеруге шақыру. Бұл бағытта мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да сергектік пен ынтымақ қажет. Әсіресе ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында Президент ұсынған тұжырымдар біз үшін бағдаршам іспетті болуы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы – тек елдің ішкі дамуы ғана емес, әлемдік қауіптерге дайын болудың да нақты жоспары. Сондықтан әрбір азамат оны жеке жауапкершілікпен қабылдап, ел бірлігін нығайтуға өз үлесін қосуы маңызды.
Ринат Есқали
Исатай аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы