Уақытылы жауап – басты талап

сурет ғаламтордан

 

Қазіргі таңда мемлекеттік органдарға жүгіну процесі біртіндеп цифрлық форматқа көшіп, азаматтардың өтініштері мен шағымдары электронды түрде қабылдануда. Бұл – уақыт талабынан туындаған қадам. Солардың бірі – халық пен билік арасындағы ашық диалогты нығайтуға бағытталған «E–Otinish» ақпараттық жүйесі.

Осы жүйенің тиімділігі мен жұмыс тәртібін түсіндіру мақсатында аудан әкімі аппаратының ұйымдастыруымен мемлекеттік органдар қызметкерлеріне арналған кеңейтілген мәжіліс өтті. Басқосуда азаматтардың өтініштерін есепке алу, қарау және орындау тәртібі, сондай-ақ өтініштермен жұмыс жүргізудегі жаңа тәсілдер егжей-тегжейлі талқыланды. Жиынға Атырау облысы әкімі аппаратының өтініштерді бақылау бөлімінің басшысы Жазира Қайырова, облыстық білім беру басқармасының бас маманы Жадыра Құбашева, аудан әкімдігі қызметкерлері, ауылдық округ әкімдері мен олардың мамандары, сондай-ақ білім және денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары қатысты.

Мәжілісте сөз алған Жазира Әлібекқызы азаматтардың өтініштерімен сапалы әрі уақытылы жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды.

– Азаматтардың өтініштерін қарау – мемлекеттік органдар қызметіндегі басты бағыттардың бірі. Әрбір өтініш заңға сәйкес тіркеліп, қаралып, нәтижесінде өтініш иесіне нақты әрі дәлелді жауап жолдануы тиіс. Жауап мазмұны түсінікті тілде жазылып, азаматтың шағымдану құқығы түсіндірілген болуы қажет,-деді ол өз сөзінде.

Бөлім басшысы 2021 жылдың 1 шілдесінен бас-тап қолданысқа енгізілген Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің талаптарын түсіндіріп, «E–Otinish» жүйесінде жұмыс жүргізу кезінде мерзімдердің бұзылмауына және әр өтініштің толық тіркелуіне назар аударылуы керектігін ескертті.

Кездесуге қатысушылар да өз тәжірибелерімен бөлісіп, жүйенің тиімді тұстарын атап өтті. Аққыстау ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Жайдарман Мұхтарова:

– Өтініштерді уақытылы тіркеу мен оған ашық жауап беру – басты міндетіміз. Көп жағдайда тұрғындар әлеуметтік мәселелер, жол, тұрғын үй жағдайына қатысты сауалдар жолдайды. Әрбір өтініш сол күні тіркеліп, тиісті орындаушыға жіберіледі. Ал орындаушы он бес жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті,-деді.

Заң талаптарына сай, азаматтардың өтініштері, сұрау салулары мен ұсыныстары он бес жұмыс күні ішінде қаралуы тиіс. Егер қосымша зерттеу не нақтылау қажет болса, бұл мерзім екі айға дейін ұзартылуы мүмкін. Мұндай жағдайда өтініш берушіге ұзарту себебі туралы хабарлама үш күн ішінде жолданады.

Жиын соңында қатысушыларға өтініштермен жұмыс сапасын арттыру, жауапкершілікті күшейту және «E–Otinish» жүйесін тиімді пайдалану бағытында нақты тапсырмалар берілді. Аудан әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстардың тұрақты бақылауда болатынын және тұрғындардың әр өтінішіне дер кезінде, сапалы жауап беру басты міндет екенін атап өтті.

 

Камилла КАКИМҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT