ҰБТ-ның алғашқы күні: зинедендік түлек 101 ұпай жинапты

21 маусым күні Исатай ауданында ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы басталды.

Кеше карантиндік шектеу шаралары талабына сәйкес 3 күнге жоспарланған білім сынағының алғашқы күні өтті.

Онда Исатай, Новобогат орта, Гагарин, Мәсәлімов атындағы орта мектептерден барлығы 51 түлек сыннан өтті. ҰБТ-ға қатысушылар алғашқы күннің қорытындысын, яғни, жинаған ұпайларын жеке сәйкестендіру нөмірлері арқылы білді.

- ҰБТ сынағы мен үшін аса қиын болған жоқ, - дейді Гагарин атындағы орта мектептің мектеп бітірушісі Алтынай Төремұратова. - Жинаған ұпайым да көңілімнен шықты. 101 балл. Өзімнің көздеген межем де сол болатын. Енді, бұйырса, таңдаған мамандығым бойынша оқуға түссем деймін. Мақсатым – қазақ тілі мен әдебиеті маманы болу, - дейді ол.

Алтынай сондай-ақ, ҰБТ-ға қатысушылардың дене қызулары өлшеніп, антисептиктермен залалсыздандырылғанын, бетперделер, тепловизор, санитайзер секілді сақтандыру құралдары да талапқа сай ұйымдастырылғанын айтады.

Еске сала кетейік, Исатай ауданы бойынша ҰБТ-ға 216 бала қатысуда. Білім сынағы 3 күнге жоспарланған. Алғашқы күні 51 бала өтсе, бүгін 81 түлек білім деңгейін анықтауда. Ал, ертең, яғни ҰБТ-ның соңғы күнінде 84 бала тестілеуден өтеді.

Өз тілшімізден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521