Әуе өрісіндегі елге қызмет

 

Өз кәсібін сүйіп, арман жолына ерте қадам басқан жастардың бірі – Альбина Ұзақбайқызы. Бүгінде ол Атырау халықаралық әуежайында «Air Astana» авиакомпаниясының жолаушыларға қызмет көрсету бөлімінің супервайзері. Жолаушыны қарсы алудан бастап, ұшақтың уақытылы әрі қауіпсіз ұшуына дейінгі бүкіл процесті үйлестіретін бұл қызмет – үлкен тәртіп пен жоғары жауапкершілікті талап ететін сала. Ауылдан басталған жолдың дәл осындай деңгейге ұласуы – Альбинаның табандылығы мен мамандығына адалдығының нақты көрінісі.

Алғашқы арманым Алматыдағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде қалыптасты. Онда алған кәсіби білім мен ағылшын тілі авиация саласында бәсекеге қабілетті маман болуына жол ашты. Әуе саласына бес жыл бұрын келген Альбина үшін бұл жол оңай болған жоқ. Бірақ ауылдан шыққан қыздың «арманыма жетемін» деген сенімі мен қажырлы еңбегі оны алға жетеледі.

Пандемия кезінде бортсерік болу арманы уақытша тоқтағанымен, ол мойымады. Керісінше, әуежайдың жерүсті қызметін игеріп, тәжірибесін арттырып, кәсіби өсудің жаңа қырын тапты. Бүгінде супервайзер ретінде оның жауапкершілігінде – жолаушыларды қарсы алу, құжаттарды тексеру, қауіпсіздік талаптарын қадағалау, бортқа отырғызу сияқты маңызды міндеттер бар. Әр ұшақтың жерге қонуы мен қайта көтерілуі – оның кәсіби қырағылығының нәтижесі.

Альбина үшін жетістік – кездейсоқ мүмкіндіктің емес, бала күннен басталған арманға деген тұрақты еңбектің жемісі. Ата-анасының, ұстаздарының қолдауы да оған сенім сыйлады. Ауылдан шыққан қыздың алып мегаполисте өз орнын тауып, елге үлгі боларлық маманға айналуы – әр жастың жүрегіне «еңбек етсең, кез келген биікке жетуге болады» деген сенім ұялатады.

– Ауылдан шыққан әр жастың арманы биік болуы керек. Еңбек етсең, кез келген салада елге қызмет етуге болады. Мен үшін авиация – тек жұмыс емес, Қазақстанның абыройын танытатын жауапты қызмет. Әр жолаушыға күлімдеп қызмет көрсету, қауіпсіздікті қатаң бақылау – Отанға деген құрметтің бір көрінісі. Қалада қалып биікке жетуге болатынын білемін, бірақ қайда жүрсем де – ауылдың аты мен тәрбиесін алып жүруді үлкен жауапкершілік санаймын. Ауылдан шыққан қыздың талпынысы елге үлгі бола алса, мен үшін ең үлкен мәртебе – осы,-дейді ол.

Ең маңыздысы – кейіпкеріміз бұл жолды тек жеке мақсат үшін ғана таңдамағаны. Ол қандай қызмет атқарса да, өзін елдің бет-бейнесін көрсететін маман санайды. Әр ұшаққа мінген шетел азаматы, әрбір шетелдік жолаушы үшін Қазақстанның алғашқы әсері – әуежайдағы қызмет сапасы. Сол себепті Альбина адал еңбек ету – Отанға қызмет етудің бір жолы деп біледі. Оның адалдығы, кәсібіне деген құрметі мен Отан атын лайықты алып жүруі – ауылдан шыққан жастың да үлкен елдің абыройын асқақтата алатынын дәлелдейді.
    

Камилла КАКИМҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT